Елене бермейтін еңбектің ерлері

Денсаулық сақтау жүйесі – қоғамның әлеуметтік өмірінің ең маңызды саласы екендігін ескерсек, елімізде медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше еленуі тиістігі де түсінікті бола түседі.

Денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қиналғанда көмек қолын созуға әрқашан дайын тұратын ақ халатты жандар шынымен де құрметке лайық деп есептеймін.

Үнемі болмағанымен, мерекелі сәттерде, кәсіби мерекелері кезінде жалпы дәрігер қауымының еңбегі еленіп жатқаны абзал. Әрине, аталмай қалмайды, десек те осы саладағы атқарып отырған міндетті жұмысы айтарлықтай болғанымен, еленбей қалып жүретін ұжымдар жоқ емес. Солардың бірі – қазірде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау облысы бойынша филиалының Исатай аудандық бөлімі. Сосын да ұжымда еңбек етіп жатқан әріптестерімді, ардагерлерді мерекемен құттықтап, мекемеміздің ел игілігі үшін жасалынған қызмет жолына біраз тоқталуды жөн көрдім.

1977 жылы аудан қайта шаңырақ көтергенде өзге де мекемелер қатарында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансысы да құрылып, біздің зертханашы мамандар соның құрамында болды. Сол жылы Гурьев медициналық училищесінен «фельдшер-лаборант» мамандығы бойынша білім алып, осында зертханашы болып орналасқан Нұрсұлу Кемелова, 1978 жылы сол мамандық бойынша білім алып келген Салима Тағатова бүгінде біздің бөлімнің ардагерлері. Олардың жас буын мамандардан ақыл-кеңестерін аямай, тәжірибе жүзінде көп нәрсе үйреткеніне куәміз.

Зертханашылар құрамында болған санэпидстанция басшысы Хамидолла Хайыров ағамыз таза еңбек пен маңдай тердің қадіріне жеткен, кесіп сөйлейтін, жастарға ағалық қамқорлығы зор жан еді. Осы салада еңбек еткен, бүгінде ортамызда жоқ Майра Жәңгірова, Сәнжан Хайрова апаларымыз да мерекелі сәтте ойға оралып отыр. Санитарлық-гигиеналық бөлімде бірге тер төккен Ғайни Сағындықова, Бағдагүл Мұханбетқалиева да осы қызметтен зейнетке шықса, Сәуле Хисимова биылғы жылы зейнеткерлік жасына жетіп отыр.. Кезінде қызметтес болған Алмагүл Көшкінбаева Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде бөлім басшысы болып абыройлы еңбек етуде. Ал 1987 жылдан 2016 жылға дейін ұжымға білікті басшы болған Өзихан Шакесова зейнеткерлікке шықса да күні бүгінге дейін осы мекемеде әдіскер мамандығы бойынша жұмыс жасап, жас мамандарды еңбекке баулуға зор үлес қосуы айтуға тұрарлық.

2003 жылы санэпидстанция мен сараптама орталығы өз алдына екі мекеме болып құрылды. Ұлттық сараптама орталығында бактериологиялық, паразитологиялық, санитарлық-гигиеналық зертханалар, дезинфекциялық бөлім бар. Бактериологиялық зертхана – биологиялық материалдан және қоршаған орта объектілерінен бактерияларды бөлу, антигендерді және антиденелерді анықтау бойынша зерттеулерді орындайтын зертхана. Негізгі атқаратын қызметтері: санитарлық-эпидемиологиялық сараптауды зертханалық зерттеулер бөлімінде жүргізу; санитарлық-бактериологиялық,  серологиялық зерттеулерді жүргізу; санитарлық-эпидемиологиялық, санитарлық-гигиеналық мониторингтарды өткізуге қатысу; инфекциялық аурулар және азық-түлікпен улану диагнос-тикасын жасау, сондай-ақ, заңды тұлғалар мен азаматтардың сұрауымен келісім-шарт түрінде зерттеулер және сараптамалар жасау.

Паразитологиялық зертханада гельминттердің жұмыртқалары мен личинкаларын, олардың фрагменттерін, патогенді қарапайымдылардың вегетативті және цистикалық формаларын анықтауды Алмагүл Малдыбаева жүргізіп келеді, дезинфекциялық бөлімде Нұрлы Хамзаева жұмыс атқаруда.

Санитарлық-гигиеналық зертхана мектеп, балабақша асханалары мен кен орындарының жұмыс бөлмелерінің жарық, микроклимат, дыбыс,  діріл, электрлі магнитті өріс деңгейлеріне өлшеу жүргізеді. Судың химиялық құрамына зерттеулер жасайды.

Өз алдына жеке ұжым болғанымызбен мақсат бір - халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығы саласында аурудың алдын алу, халық тұтынатын тағам, ауыз су, жұғынды сынамаларды зерттеу, декреттелген топтағы адамдарды, науқастарды стафилакокк, қырылдауық, шигелла, сальмоннелла ауруларына зерттеу жүргізу. Зейнеткерлікке шыққан әріптестеріміздің орындарын Назерке Ниғметова, Анар Сүлейменова, Бибінұр Есқайрова, Айнұр Бисешова сынды мамандар толықтырған ұжымымызға бұрын басшылық қылған Гүлнәр Өмірбекқызы,  бактериологиялық зертханада маман болған Мағауия Насиполлақызы қазір осы саладағы өзге ұжымдарда еңбек жолдарын жалғастыруда.

Иә, сөз басында айтылғандай, біздің ұжымдастарымыз – аурулармен қоян-қолтық қызмет қылатын әріптестеріндей емес, елене бермейтін еңбектің адамдары. Мерекелі сәттегі бұл жазба тақырыбын да солайша қойып, атаулы күндеріне орай аудан айнасы бетінде атқарар ісімізден ауылдастарды хабардар қыла отырып, әріптестеріміздің де аты-жөндерін атай кетуді артық көрмедік.

Ақзияш ҚАБДРАХМАНОВА,

«Ұлттық сараптама орталығы» 

Атырау облысы бойынша филиалының

Исатай аудандық бөлімі басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521