Ертең - Ораза айт мерекесі. Ол қалай тойланады?

Осыдан бір ай бұрын бізбен қауышқан Рамазан айымен де қимай қоштасар сәт келді. Ертең - Ораза айт мейрамы.

Бұл күні күллі мұсылман қауымы зор шаттыққа кенеліп, отыз күн тұтқан оразасына шүкір қылып, Аллаға сансыз мақтаулар айтады. Ағайын-туысты аралап, жақсы сөз айтып, игі тілектер арналады.

Ораза айт күні сәресіге тұрып, ауыз бекіту қажет пе?

Мұсылмандар арасында Ораза Айт намазына барарда әдеттегідей сәресі ішіп, ауызды бекітіп бару керек деген мәлімет кең тараған. Алайда, Айт күні Рамазандағыдай сәресі ішудің қажет жоқ. Шариғатымызда мұндай міндет жоқ. Тек, айт намазына шығарда құрма жеп шығу Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті болып табылады.

Егер кімде-кім сәресін ішкен болса, немесе айт намазы алдында тамақтанған болса бұл нәрсеге де тыйым салынбаған.

Мерекенің дәстүрлері

Дәстүр бойынша мерекеде мұсылмандар бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді. Сондай-ақ Ораза Айт күні жаңа және таза, әдемі киіммен қарсы алу керек. Қуаныш пен шаттыққа толы бұл мейрамда мұсылмандар ораза ұстамайды. Бұл туралы Абу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын». Мерекеде адамдар ақсақалдарға барып, балаларға, жетім балаларға, жалғыз адамдарға, жесірлерге және кедейлерге сыйлықтар жасайды.

Мерекеден бұрын не істеу керек?

Ораза айт алдымен мешіттен бастау алады. Күллі мұсылман таң атысымен Алланың үйіне қарай ағылып, алдымен құлшылық жасайды. Мешітке бармас бұрын нені ескерген жөн? Пайғамбарымыздың (ﷺ) көрсетіп кеткен төмендегідей амалдарын істеу сүннет болады:

Ғұсыл алу. Жуынғанда дененің барлық бөлшектеріне су баруын қадағалау керек. Ауыз қуысы мен мұрынды да шаюды ұмытаңыз.

Мисуак қолдану. Мисуак болмаған жағдайда тіс пастасы, щеткасын да қолдансаңыз құба-құп. Бастысы – ауыз қуысының тазалығы мен жағымсыз иістен арылу. Алайда Пайғамбарымыздың (ﷺ) әрдайым қолданған мисуактың пайдасы ұшан теңіз. Мұны да ұмытпағайсыз.

Жақсылық жасау. Біреуге қол ұшын созу.

Ең тәуір әрі таза киім кию. Киіміңіз жаңа не болмаса таза болғаны дұрыс.

Намазға ерте бару. Қолыңыздан келгенше Құран тыңдап, дін өкілдерінің уағызын естуге үлгеріңіз. Кейін айт намазын оқып хұтба тыңдаңыз.

Мешітке бармай тұрып, үйден тәтті-дәмнен жеп шығу. Алла елшісі жасағандай тақ сан болатындай 1-немесе 3 құрма жеу.

Мешітке барар жолда тәкбір айту. «Алла ұлық» деп Раббымызға мадақтар айтқан жөн.

Айт намазын оқу

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)өсиетiнде: «Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу» делiнген. Айт намазы дiнiмiзде уәжіп амал болғандықтан, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекесі арнайы ғибадаттармен басталады.

Айт намазы үшін азан айтылып, қамат түсірілмейді. Намазға бет алған кезде бір жолмен барып, екінші жолмен қайту сүннет болып саналады. Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінде: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын».

Намазға шығар алдында құрма жеп шығу

Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрма дәмінен ауыз тиюі керек. Бұл пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі.

Материал «Бәрібар» сайтынан ықшамдалып алынды

Сурет: дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521