"Жалын" мәдениет үйінде Аналар мерекесіне арналған "Ана - үйдің берекесі, бала - үйдің мерекесі" атты аналармен сырласу кеші өтті.
Басқосуға жиылған аналар сұхбат барысында қойылған сауалдарға жауап беріп, ойларын ортаға салды.
Қыз баланың тәрбиесі ұл балаға қарағанда жауаптырақ әрі күрделі екендігін айтқан кеш қонақтарының бірі Малиха Галимова анамыз қыз балаға көптеу көңіл бөліну қажеттігін атады. Басқа да сұрақтарға жауап іздеген ана ұлының ерте үйленгенін және ол үшін қуанышты екенін жасырмады. - Құрдастарымыздың ішінде ең бірінші келінді, немерелі болдық. Аллаға шүкір, қазір немерем де үйленді. Баламыз жастай үйленгенде кішкене алаңдағанымыз рас. Бірақ, қазір бізден бақытты жан жоқ. Жақында шөберелі боламын" дейді Малиха Галимова қуанышын жасырмай.
Жақында умра қажылығын өтеп келген Жәннат Кереева апай да «Шама келсе, балаларды ерте аяқтандырған дұрыс" дейді. Сондай-ақ, қыз бала тәрбиесіне немкетті қарауды жөн санамайтын ана «Адамды адастырмайтын имандылық» деген пікірде. "Қызымызға имани тәрбие беремін. Бірақ, мынаны ұмытпау керек: қыздың тәрбиесіне анасы ғана емес, ағасы, әпкесі, жалпы бүтін отбасы жауапты. "Өзім қызымды жіті қадағалаймын. Барам деген жеріне уақытпен жіберемін" дейді.
Жас та болса көрген-түйгені мол Жанар Қадирова ерте тұрмыс құрғанын және онысына өкінбейтінін айтады. «Тәрбиелі жерге келін болдым. Жалпы қыз бала ерте тұрмыс құрмаса, жасы келе салт жүруге бойын үйретіп алуы мүмкін. Сол себепті де жететін белеске жарыңмен қол ұстасып жетуге де болатынын ұл-қызыма жиі айтып жүремін" дейді.
Аудандық аурухана дәрігері Анар Мұхсиматқызы маман әрі жас ана ретінде өз ойын ортаға салды. "Қыз бала – ұлт абыройы. Ата-анаға қарап баланың қандай екенін айтуға болады. Маман ретінде солай дей аламын. Тұрмыс үшін тәрбиені ысырып қою дұрыс емес. Жақсы қыз тәрбиелесеңіз - жақсы ана тәрбиелегеніңіз дер едім. Ата-ананың рөлі, отбасындағы орны жоғары екенін осыдан білуге болады» дейді маман. «Әке қандай болса – ұлы, ана қандай болса - қызы сондай» деген жас келін ата-ананың отбасындағы орнына да тоқталды. – Атам мен енем - менің ата-анам. Өйткені, олар менің сүйген жарымды тәрбиелеп берді. Жаңа әңгіме болған қысқа етек, қысқа шашқа келсек, бұның бәрі шетелдік сериалдарды көріп еліктеуден басталса керек. Сән сәнімен, бірақ, жалпылама киім киісінен адамның қандай екенін айыруға болады. Қысқа етек киген қыздың ақылы қысқа деуге болады, - деді Анар Мұхсиматқызы. Қолөнер шебері Ғайни Жолдыбаева мен қызы Аружан Есенгелдіқызының қолөнер бұйымдары да көптің назарына ұсынылды. - Бұл өнер ананың сүтімен дарыса керек. Менің анам да – он саусағынан бал тамған қолөнер шебері. Бос уақытымызда осындай дүниелер жасаймыз, - дейді Ғайни Жолдыбаева туындыларымен таныстырып.
Одан әрі аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған шараға арнайы шақырылған "Сырғалым" қыздар клубы мүшелерінің өнеріне де көрермендер тәнті болды. Шара соңында қонақтарға мерекелік естеліктер табысталып, аудандық «Жалын» мәдениет үйінің директоры Қамажай Зайнова аналарға жылы лебізі мен алғыс тілегін жеткізді.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ