Ертең - ҚҰРБАН АЙТ мейрамы

Құрбан айт  – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі.

Ол «ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Айт күндері Аллаһқа арнап ықыласты түрде құрбандық шалынады. Бұл байқуатты мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі.  

Мұсылмандардың ұлық мейрамы құрбан айт Ибраһим пайғамбардан бастау алады. Алла Ибраһим пайғамбардың өзіне деген ықыласын сынау мақсатында Исмаилды құрбандыққа шалу керектегін түсіне бірнеше рет аян қылады. Бұл жәй ғана түс еместігін түсініп, Аллаһтың бұйыруы бойынша Ибраһим пайғамбар сүйікті баласы – Исмаилды Алла үшін құрбандыққа шалуды бел байлайды. Құрбандыққа өзінің Алладан сұрап алған баласын  шаларда өткір пышағы баласының кеңіртегін кеспей қояды. Сынақтан сүрінбей өткен Ибраһим пайғамбарға Алла тағала көктен қошқарды түсіріп баласының орнына соны шалуды әмір қылады. Міне содан бері бұл дәстүр жалғасын тауып келеді. Сол себептен де "Құрбан" сөзі араб тілінде – "Алланың разылығына жақындау" деген мағынаны білдіреді Оны орындау – әрбір байқуатты мұсылманның міндеті. 

Мұсылмандар үшін Құрбан айттың бірінші күні мешіттерде айт намазы оқылады. Одан соң адамдар бір-бірін құттықтап, бір-бірінің айттық дастарханынан дәм татады. Бұл күні әр мұсылманның үйінде айттық дастархан жайылып, бүлдіршіндерге айттық сыйлықтар ұсынылады. Айт намазынан кейін Аллаһ Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбандықтарын шала бастайды. Құрбандыққа қой-ешкі, сиыр және түйе малы шалынады. Ауру, соқыр, ақсақ сынды кемістігі бар мал құрбандыққа жарамсыз болып табылады. Ұсақ малды тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал, сиыр немесе түйені сынды ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына немесе жеті кісіге дейін ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Құрбан айт күндері шариғат бойынша нисап мөлшеріндегі, яғни 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, бас бостандықтағы, ақыл-есі бүтін, жолсапарда емес мұсылманға кем-кетіксіз бір жастан асқан қойды немесе ешкіні немесе бір адамнан жеті адамға дейін ниеттерін біріктіріп екі жастағы сиыр немесе бес жастағы түйені құрбандыққа шалу уәжіп. Қасиетті Құранда «Кәусар» сүресінің 3-аятында: «Раббың үшін (айт намазын) оқы, құрбандық шал», – деп бұйырған. Ал, әз Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» - деген. (имам Ахмед ибн Ханбал)

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет. Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып: «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ» - деген дұға айтылады. Одан кейін «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздайды. Бай немесе кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату –мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады. Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. 

Өлген кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанының етінен жеуіне рұқсат. Алайда, құрбан айт күндері уәжіб болған амалды орындамай, шектік шалатын болса әрине ол үлкен күнә артады. Себебі, Алланың бұйырғанына бойұсынбай амал жасағандықтан қателік болып табылады.

Биылғы құрбан айт мерекесі 9-шілдеге тұспа-тұс келіп тұр. Мұсылмандардың мейрамы күні шалынған құрбандық пен жасаған ізгі амалдардың барлығын Аллаһ тағала қабыл еткей!

Жандос МЕЙІРМАНОВ,

«Зинеден ата» мешітінің наиб имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521