Бүгін аудандық «Жалын» мәдениет үйінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер және Полиция қызметкерлері күні мерекелері мен ҚР Ішкі істер органдарының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Елге қызмет – абыройлы міндет» тақырыбында салтанатты шара болып өтті.
Шараны сөз сөйлеп ашқан аудан әкімі Полымбет Хасанов екі саланың да ел тарихында алар орнының ерекше екендігіне тоқталып, сала ардагерлері мен қазіргі қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Бұдан соң аудан басшысы абыройлы қызмет атқарған және жұмыс барысында қол жеткізген табыстары мен көрсеткіштері үшін қос саланың бірқатар қызметкерлерін ҚР Президентінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының және өзінің Алғыс хатымен марапаттады.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Бейбітжан Айжарықов ұлықталса, ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлан Ермаханбетовтің Алғыс хаты Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұханов пен аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Салтанат Сейтжановаға, аудан әкімінің Алғыс хаты аудандық статистика бөлімінің бас маманы Айтбек Көбейсінов, Исатай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бекнұр Нармағанбетова, Аққыстау ауылдық округі әкімі аппараты қаржы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қуаныш Тахаев, аудан бойынша қазынашылық басқармасының төлемдерді алдын-ала бақылау және өткізу тобының бас маман-бас қазынашысы Нұрлыгүл Дәулетиярова, аудандық полиция бөлімі көші-қон қызмет тобының аға инспекторы, полиция капитаны Нұрбол Серіков және жол-патрульдік полиция қызмет тобының инспекторы, полиция капитаны Дулат Жақсымбетовтерге табысталды.
Сондай-ақ, аудан басшысы мерекелік шарада мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында өткізілген аудандық спартакиаданың нәтижесінде жеңімпаз және жүлдегер атанған командаларға жарысқа қатысып, белсенділік танытқандары үшін ризашылығын білдіріп, Алғыс хат және аудандық спартакиаданың чемпиондық кубогін табыстады.
Мерекелік кештің жүру бағдарламасына сай, одан әрі аудандық мәслихат депутаттары атынан құттықтау сөз кезегін алған мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев те мереке иелеріне ақ тілегін ақтарып, өз саласында адал қызмет етіп жүрген үздіктерге өзінің Алғыс хатымен марапаттады.
Салтанатты шарада марапаттар легі толастамай, мереке иелеріне құрмет көрсетумен жалғасты. Мемлекеттік қызметшілерді және өзінің әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтау мақсатында мінберге көтерілген аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Бимұханов құқық қорғау қызметі аса мәртебелі міндет екендігіне ерекше екпін қойды.
- Адам өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, уақытпен санаспай, қалтқысыз қызмет ететін полицияның жұмысы батылдық пен талапшылдықты қажет етеді. Осы жауапты жолдан әр полицейдің сүрінбей өтіп, халқының мақтанышына айналуына ниеттестігімді білдіремін, - деді және бірқатар ардагерлер құқық қорғаушыларі мен сала үздіктерін Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбековтің, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесі Атырау облыстық филиалының төрағасы, полиция подполковнигі Берік Мыңбаевтың Құрмет грамоталарымен, Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбековтің және өзінің Алғыс хаттарымен марапаттап, мереке күні мерейлерін үстем қылды.
Бұл күні құқық қорғау саласының қызметкерлері осы салада ұзақ жылдар қызмет етіп, аудандағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өзінің сүбелі үлесін қосқан марқұм Әлібек Сағындықовты еске алуды да естен шығармады. Сахна төрінде марқұмның өмірлік серігі Алмагүл Нұрланқызына ұжым атынан естелік сыйлық пен гүл шоғын табыстаған бөлім басшысы арда азаматтың есімі барлық әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталатынын жеткізді. Сондай-ақ салтанатты жиында әлемдік байрақты бәсекелерде атой салып, ел абыройын асқақтып жүрген қамысқалалық параспортшы, Азия чемпионы Аслан Қайрушевке де бөлім басшысы жеке құрам атынан өзінің Алғыс хаты мен естелік сыйлығын ұсынып, спортшының әлі талай асуларды бағындыруын тіледі.
Бұл жолы көпшілік әдеттегідей аудандық «Жалын» мәдениет үйінің әншілерінің әндерін ғана емес, мереке иелерінің де ән-шашуын қабыл алды. «Білесіздер, кәсіби әнші емеспін. Дегенмен, сіздерге мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында сахнаға шығып тұрмын» деген аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Саябек Шагиров «Біздің елдің жігіттері» әнін нақышына келтіре шырқады.
Бұдан өзге Зинеден ауылдық округінің әкімі Ерлан Махсотовтың орындауындағы «Ағаларым» әні де шараның шырайын кіргізе түсті. Өз кезегінде құқық қорғау саласының қызметкерлерінің де мерекелік шараға тыңғылықты дайындалғандары сезіліп-ақ тұрды. Мәселен, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Ринат Қуанышевтің орындауындағы «Көк тудың желбірегені» және нәзік жанды офицерлерден құралған квартеттің орындауындағы «Аяулы ана» әндері де көрерменнің жүрегіне жол тартты. Тіпті, көрермендердің бірқатары әнді қосыла шырқады.
Бұл күні ел қорғаны атанып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді арман еткен кішкентай бүлдіршіндер де сахна төрінен табылып, бал тілдерімен тыңдарманын баурап әкетті.
Мерекелік шара аудан офицерлерінің орындауындағы «Мен қазақпын» әнімен қорытындыланды.
Әділбек СЫРЫМОВ