Исатай ауданында су маржанын сүзгендердің кәсіби мерекесі тойланды

Елімізде шілде айының екінші жексенбісі – Балық шаруашылығы қызметкерлері күні ретінде бекітілген.

Бұрын ескерусіз қалып жүрген балықшылар мерекесі биыл ауданымызда жоғары деңгейде аталып өтті. Біреулер үшін балық аулау – ермек болса, енді біреулері үшін атадан қалған ажырамас кәсіп. Ауданымыз теңіз жағалауында орналасқандықтан бұл кәсіп бізге де таңсық емес және балық өндірісінің тарихы да тереңнен бастау алады. Тіпті, ауданның өткенге үңілсек, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында аудан балықшыларының жанқиярлық еңбектері тарих бетінде алтын әріптермен жазылғанын аңғару қиын емес. Атаулы күнге орай бүгін күні бойына Жанбай ауылында аудан балықшыларына арналған мерекелік шара өтті.

_dsc0074

ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМ – ЖҰРТ НАЗАРЫНДА

Алдымен Жанбай ауылдық мәдениет үйі алаңында балық және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда сүт өнімдері мен қоса, балық өнімдері де сатылымға шығарылды. Жұрт назарын аударған, әсіресе, «Алмаз» ЖК ұсынған балық өнімдері.

_dsc0006

Жеке кәсіпкер Гүлдерай Рахымбергенова:

- Өткен жылы 583 000 теңге көлемінде мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа ие болып, автоклав аппаратын сатып алдым. Ол – жоғары атмосфералық қысымда консервіленетін өнімдерді пісіруге арналған құрылғы. Онда ет, балық және көкөніс консервілері 160°С-ге дейін қыздырылады. Мен өз өнімдерімді жыл мезгілдеріне қарай дайындаймын. Мәселен, қазіргідей жаз мезгілінде көбіне көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін, ал, көктем және күзгі маусымдарда балық өнімдерін консервілеуге сұраныс артады. Қыста ет, құс өнімдерін консервілеуге басымдылық болады. Дегенмен, бүгінгі көрме балық шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылып жатқандықтан, көрмеге балық өнімдерін ғана шығардым. Консервіленген өнімдерге сұраныс жоғары екенін білгесін, тәуекел етіп, осы кәсіпті қолға алдым. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесіне де өнімдерімді жиі шығарып отырамын, - дейді жеке кәсіпкер.

Байқағанымыздай, ауыл тұрғындары көрмеге қойылған жергілікті өнімдерді ептеп емес, көптеп алуға тырысып жатты. Тіпті, бізбен тілдескен жеке кәсіпкер Гүлдерай Рахымбергенованың көрмеге әкелген өнімдері әп сәтте-ақ өтіп кетті. Көрме кезінде салқын тәтті шырындар мен балмұздақ та сатылды. Сол маңнан арнайы пісірілген кәуәптің де дәмін татуға ұзынсонар кезекке тұрған тұрғындардың қарасы қалың болды.

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН СЫНҒА ТҮСТІ

Жанбай ауылдық мәдениет үйі алаңында балық шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен қатар, арқан тартыс, қой көтеру және қол күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Сайысқа балық шаруашылығының мамандарымен қоса, өзге де ауыл тұрғындары қатысып, атаулы мерекеге арналған шараның көрігін қыздырды

_dsc0014

Шара барысында арқан тартыс жарысына қатысуға «Исатай-Зинеден», «Тәуелсіздік құрдастары», «Жанбай» және «Ардагерлер» аталған 4 команда ниет білдіріп, өзара мықтыларды анықтады. Нәтижесінде, жергілікті ауыл азаматтарынан құралған «Жанбай» командасы жеңімпаз атанса, «Тәуелсіздік құрдастары» ІІ, Исатай және Зинеден ауылдық округтерінің біріккен «Исатай-Зинеден» командасы ІІІ орынға жайғасты.

_dsc0043

_dsc0059

Спорттық ойындар одан әрі қол күресіне жалғасты. Білектің күші сыналған сайыстың бұл түрі де тартысқа толы болды. Сынға түскендердің күш-жігері мен қайраты тасыған кіл мықтылар екені байқалып-ақ тұрды. Оларға жанкүйерлер тарапынан құрмет те ерекше болды. Сайыстың қорытындысында, ешкімге дес бермеген зинедендік Саят Өтегенов бірінші орынды жеңіп алды. 2-ші және 3-ші орындарды Жанбай ауылының қос азаматы Сәттібек Сәдіров және Жәдігер Қанатов өзара бөлісті. 

_dsc0022

_dsc0073

Ал, қой көтеру сайысынан 49 рет көтерген жанбайлық Айсабек Қуанышбековтің мерейі үстеді. Айта кетерлігі, бұл жолғы ұлттық спорт түрлерінің жүлде қоры да ерекше болды. Қой көтеру сайысымен қоса, арқан тартыстың да жеңімпаз командасына жүлде қоры ретінде қой табысталды. Өзге де жүлдегер командаларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар ұсынылды.

_dsc0087

_dsc0081

_dsc0089

Сондай-ақ ұлттық ойын түрлеріне төрелік еткен төреші Руслан Тораевқа да ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлық берілді.

САЛА ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Бұдан соң Жанбай ауылдық мәдениет үйінде балық шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Алдымен мінберге көтерілген аудан әкімінің орынбасары Наурызбек Құмаров мерекелік іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, мерекелік құттықтауын жеткізді.

_dsc0098

- Құрметті ауданымыздың балық шаруашылығы қызметкерлері!

Сіздерді шілде айының екінші жексенбісі аталып өтетін кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Балық шаруашылығы – ауданымыз үшін өзіндік орны бар, тарихи мән-мағынасы жойылмаған атакәсібіміз десек, болады. Бүгінде Атырау қаласына қарасты 5 балық аулау мекемесі белгіленген лимит көлемінде жұмыс жасап жатыр және оған ауданымыздан 300-ге жуық жергілікті тұрғын маусымдық жұмысқа тартылған. Бүгінгі күні ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жолында сіздер де аянбай еңбек етіп келесіздер.

Олай болса, ауданымыздың балық шаруашылығының дамуы үшін қызмет етіп жүрген сіздердің еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін,- деді және де өз қызметін абыроймен атқарып жүрген бірқатар сала үздіктерін марапаттады.

_dsc0110

_dsc0118

Атап айтқанда, Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының алғыс хатымен «Шағала» ЖШС-нің цех меңгерушісі Дастан Нұрмашев, «Қызыл Балық» өндірістік кооперативінің балық қабылдаушы және тасымалдаушысы Құрмантай Шеруенов, аудан әкімінің алғыс хатымен «Алаша-Атырау» ЖШС-нің балық қабылдаушысы Батырбай Қожамұратов, «Амангелді» өндірістік кооперативінің балықшылары Данияр Мұханбетжанов, Асылан Қайырғалиев, жеке кәсіпкер Гүлдерай Рахымбергенова, «Абылайхан» ЖШС-нің балық қабылдаушысы Айбек Атантаев, «Амангелді» өндірістік кооперативінің балық қабылдаушы және тасымалдаушысы Артур Құсайынов марапатталды.

_dsc0119

Сондай-ақ салтанатты жиын барысында аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев те сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, балық шаруашылығы саласының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында өзіндік үлесі зор екенін атап өтті. Мерекелік шарада мәслихат хатшысының алғыс хаты «Сев Каспий Фиш» өндірістік кооперативінің жүргізушісі Ризабек Әбілхайровқа, «Жамбыл» ЖШС-нің балық қабылдаушы және тасымалдаушысы Расул Шафхатовқа және балықшылар Саят Өтегенов пен Кененбей Есеновке табысталды

_dsc0127

_dsc0150

_dsc0142

Сәні мен салтанаты келіскен мерекелік шара аудан өнерпаздары дайындаған сазды бағдарламамен жалғасын тапты. Кеште әннің дені жанды дауыста шырқалды. Сахна төрінде Амангелді Панаберді, Альбина Мидар, Аманбек Тарихов, Жеткеншек Идеятов, Гүлзира Тұяққызы, Айдар Бекетов және Дильназ Ерғалиқызы секілді аудан, қала берді өңірімізге белгілі өнерпаздар туған жер, ауыл тақырыптары төңірегіндегі әндерді нақышына келтіре орындады. Саз бен сәннің небір кереметін көрген көрермен кеш соңында аудан өнерпаздарына қошемет пен тілегін толассыз төгіп жатты.

_dsc0174

_dsc0178

Сондай-ақ мерекелік шарада ұлтымыздың қонақжайлылық қасиетімізге сай мерекеге жиылған қонақтар мен ауыл тұрғындарына арналып киіз үй тігіліп, құрмет көрсетілді. 

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521