Бүгін аудан әкімі Полымбет Хасанов аудан тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында ауданымызға ат басын бұрған «Жәрдем» медициналық пойызының мамандарымен кездесті.
Кездесуде аудан басшысы алдымен ақ желеңді дәрігерлерді маусымның үшінші жексенбісі - Медицина қызметкерлері күні мерекесімен құттықтап, «Жәрдем» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаеваға халыққа тегін медициналық көмек көрсетуде абыройлы қызмет қылып жатқан сала мамандарының атына жазылған өзінің алғыс хатын және ауданның тарихы баяндалған «Исатай ауданы» атты шежіре кітапты табыстады. Өз кезегінде бас дәрігер кәсіби мерекені ұмыт қалдырмай, аудан басшысының арнайылап мерекемен құттықтай келгеніне барша әріптестерінің атынан ризашылығын жеткізді.
Одан әрі бас дәрігер аудан әкіміне тұрғындарға көрсетіліп жатқан медициналық көмектің жай-жапсарын баяндап, пойыздың ішкі көрінісімен және ондағы медициналық құрал-жабдықтармен таныстырды. Пойызға беттеген күйі дәрігерлердің көмегіне жүгінуге келген тұрғындарды көрген аудан әкімі мамандар тарапынан көрсетіліп жатқан медициналық көмектің оларға ем болуын тілеуді де ұмыт қалдырмады.
Медициналық пойыздың ішкі көрінісімен толықтай танысқан аудан әкімі тұрғындарға сапалы әрі тегін алғашқы медициналық көмекті көрсету мақсатында қолға алынған бұл жобаны жоғары бағалап, мамандардың әрі қарайғы сапарларының сәтті болуын тіледі.
Әділбек СЫРЫМОВ