Исатайдағы дүбірлі той Көлік қызметкерлері күніне арналды

Өткен аптада аудан жұртшылығы теміржол саласы қызметкерлерінің төл мерекесін атап өтті.

Жүк тасымалы мен жолаушылар тасымалындағы маңызы зор алып құрылым еліміз бойынша 150 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл мыңдаған отбасының асыраушысы нәпақасын осы абыройлы қызметтен тауып отыр деген сөз. Еліміз бойынша жүк айналымының 70 пайызға жуық үлесі теміржолдың еншісінде. Бұл –  «экономиканың күре тамыры» деген тіркестің жайдан-жай қолданылмайтынына дәлел. Бұдан бөлек, мыңдаған ауылдар мен елді мекендердің қалыптасуының өзі осы теміржол табанының төселуімен тікелей байланысты. Айта берсе, бұл тізімді жалғай беруге болады. Өйткені, теміржол саласының ел экономикасына тигізіп жатқан пайдасы орасан зор. Тамыз айының 1-жексенбісі – осы ауыр да абыройлы қызметті атқарып жүрген теміржолшылардың да төл мерекесі.

_dsc0115

Биыл аталған мереке аудан орталығында емес, шалғайдағы теміржолшылар ауылы саналатын Исатай ауылында өтті. Қонақтарды «Атырау-Астрахан» тасжолының қиылысынан күтіп алған исатайлықтар мерекелік шараны жаңадан орнатылған ауылға кіреберіс белгінің ашылуынан бастады. Айта кетейік, Архитектуралық белгіні орнатуға 7 млн. 890 мың теңге қаржы бөлінген. Жеңімпаз мердігер – «Dauyl production» мойнына алған міндетін ойдағыдай аяқтап, мереке қарсаңында тапсырған. Белгіге көз салсаң, батырдың дулығасы іспетті, жан-жағында ою-өрнектер, қалқан, найза сынды қару-жарақтар жарасымды орналастырылған. Исатай батыр атындағы ауылға әбден жарасып-ақ тұр. Күннен қуат алатын түнгі жарықшамдары да орнатылған. Көлік қызметкерлері күні мерекесі қарсаңына орайластырылған жаңа нысанның ашылу салтанатында Исатай батырдың ұрпағы Рысқали Таңқашев теміржолшыларды мерекемен құттықтап, ауылдың өркендей беруіне, елімізде бейбітшіліктің салтанат құруына тілектестігін білдірді.

_dsc0038

«Мен Исатай батырдың бесінші ұрпағымын. Ауылымызға сән беретін жаңа нысандардың салынып жатқанына қуаныштымын. Игілікті істері үшін жергілікті атқарушы органға, құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекемеге ризашылығымды білдіремін, деді ол.

Одан соң аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Абежан мен «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері, зейнеткер Құрманбек Кенжешұлы жаңа нысанның лентасын қиды.

_dsc0027

Сондай-ақ мерекеге орай жасөспірімдер арасында 3 шақырым қашықтыққа веложарыс ұйымдастырылған болатын. Жиналған жұртшылық жаңа нысанның лентасын қиып болысымен велошабандоздардың алды көріне бастады. Жарысқа жанкүйер болып келген ата-аналар да балаларының бірінші келуін тілеп, тағатсыздана бастады. Әп-сәтте 3 шақырымды артқа тастап, мәре сызығын бірінші кескен Мұхамбет Тілекқабылұлының мерейі үстем болды. Жарыс жолын 2-ші болып Мұхаммедясин Рашидұлы, 3-ші болып, Мұхаммедәли Бекетұлы аяқтады. Қалған велошабандоздар да бірінен кейін бірі келіп жатты.

_dsc0056

Одан соң ауыл орталығындағы қайта жаңғыртудан өткен кіші аяқдоп алаңы пайдалануға берілді. Алаңды қайта жөндеуден өткізуге 7 млн. 068 мың теңге қаржы бөлініп, бұл жұмыстарды да мердігер «Dauyl production» жүргізген. Алаңға жаңадан төселген жасыл жабын үстінде мерекеге орай ұйымдастырылған кіші аяқдоптан турнирдің ашылу салтанаты өтті. Зейнеткер Құрманбай Шүренбаев жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеп, алғаш болып допты ойынға қосты. Турнирде 9 команда бақ сынады. Айта кету керек, осы жолы теміржолшылар турнирге 3 команда шығарды. 2 команда көршілес Зинеден ауылынан келіп қатысты. Қалғандары жергілікті командалар. Жарыс нәтижесінде, «Зинеден-2» командасы ІІІ орынды, «ЭЧ-4» командасы ІІ орынды иеленді. Ал, «Зинеден-1» командасы жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Даурат Мырзашев «Үздік қорғаушы», Жайдарбек Таңатаров «Үздік қақпашы», Жасұлан Шұғайыпов «Үздік шабуылшы» атанды.

_dsc0080

_dsc0071

Ойынды тамашалаған ардагер теміржолшы Әліп Тайпақбаев: -Мереке қарсаңында ауылда құрылысы бітпей тұрған кіші аяқдоп алаңы ашылып, жастар мәре-сәре болып, жарыс ұйымдастырылып жатыр. Бәрі де оңынан болсын! Исатай ауылы әуелде негізінен теміржолшылар ауылы болып құрылды. Қазір мұнда мұнайшалар да, басқа да түрлі сала мамандары тұрып жатыр, - дейді.

Кешкісін мәдениет үйінің алдында мерекеге орай салтанатты шара ұйымдастырылып, аталған шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Абежан ауыл тұрғындарын Көлік қызметкерлері күні мерекесімен құттықтады.

_dsc0112

_dsc0129

- Экономиканың күретамыры саналатын теміржол саласы қызметінің маңызы зор. Біздің ауданда Аққыстау, Нарын, Исатай ауылдық округтері мен Томан елді мекенінің географиялық орналасуының өзі экономикалық жағынан тиімді, теміржолдың бойында орналасқан. Тұрғындарымыздың да біраз бөлігі осы салада қызмет етеді. Көлік қызметкерлері күніне орай Нарын ауылы мен Томан елді мекенінде де мерекелік шаралар өтуде. Еліміздегі жолаушылар және жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сіздердің де айтарлықтай үлестеріңіз бар. Әрқашан еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, - деді және зейнеткерлер Қайдар Шеруенов, Жұбатыр Меңдібаев, Нәсіп Қанатоваларды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. 

Одан соң Атырау белгі беру және байланыс дистанциясының Исатай стансасындағы СОБ аға электр механигі Ержан Гайсин әріптестерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді және де ауыл әкімі Аслан Ғұбаш Тілепберген Тоқтарұлы, Нұрғуат Төлегенұлы, Мұрагер Серікұлын өзінің құттықтау хатымен марапаттады.

_dsc0151

_dsc0156

Сондай-ақ мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, бұл жолы теміржол саласында әртүрлі қызметтерде жүрген мамандар өз өнерлерін ортаға салды. Шараның көрігін қыздырған ұлттық спорттық ойындар да тартысты өтті. Қол күресінен Қуанышбек Сәрсенғалиев білек күшінің мықты екенін дәлелдеп, жеңімпаз атанса, Елдос Насыров ІІ орынды, Жайдарбек Таңатаров ІІІ орынды еншіледі. Ал, арқан тартыстан Исатай жастары командасы ІІІ орынды, Теміржолшылар командасы ІІ орынды иеленсе, барлық қарсыластарынан басым түскен Зинеден жастары жеңімпаз атанды.

_dsc0197

_dsc0215

Салыстырмалы түрде алғанда, біреулер шағын ауылдағы қарапайым шара деп бағалауы мүмкін. Өйткені материалдық құндылықтар алға шыққан заманда мол қаржы бөлініп, танымал өнерпаздар шақырылған шараларды ғана жоғары деңгейде өтті деуге бой үйретіп алғандаймыз. Негізінен, көпшілік шаралар тұрғындарға қаншалықты көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанына, берер тағылымына қарай бағаланады. Осы тұрғыдан қарағанда, бүлдіршіндерден бастап, ауыл үлкендеріне дейін қуаныш сыйлаған шараның куәсі болдық деуге толық негіз бар. Мерекеге арналып құрылған ойын алаңында асыр салып жүрген бала да мәз, спорттық сайыстарға жанкүйер болып, делебесі қозған жастар да риза, құрмет-қошеметке бөленіп, марапатқа ие болған теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері де, төрден орын алып концерттік бағдарламаны тамашалаған ауыл үлкендері де көңілді.

Дәл осындай мерекелік шара Нарын ауылы мен Томан елді мекенінде де ұйымдастырылып, бірқатар теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері марапатталды.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521