Исатайлықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

31 мамыр – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Осыған орай, бүгін исатайлықтар теріс саясаттың құрбандарын еске алып, олардың рухына тағзым ету мақсатында «Ардагерлер саябағына» жиылды.

img_7444

Жиналғандар саябақ ішінде сап түзегеннен соң, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш-монументке алдымен аудан әкімі Полымбет Хасанов, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев, аудан ардагерлері, аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері және саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары гүлдесте қою рәсімін бастады.

img_7416

Сондай-ақ, аудан әкімінің аппараты, дербес бөлімдер, И.Тайманұлы атындағы музей қызметкерлері, Аққыстау ауылдық округі әкімі аппараты, білім беру мекемелері, аудан спортшылары және аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары да ескерткіш-монумент маңына гүл шоқтарын қойды.

img_7421

 

Одан әрі аудан басшысы Полымбет Хасанов сөз тізгінін алып, бүгінгі күннің маңызына тоқталып өтті.

img_7449

- Қадірлі жерлестер! Біз бүгін қазақ елінің болашағы үшін қызмет етіп, жазықсыз жапа шеккен Алаштың асыл азаматтарын еске алып, тағзым етуге жиналып тұрмыз. Сол кездегі теріс саясаттың кесірінен елімізде бір жарым миллиондай адам көз жұмып, 600 мыңдай қазақ туған жерінен көшіп кеткен. Саяси қуғын-сүргін жылдары қазақтың көрнекті, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары мен олардың туыстары қудаланды, аяусыз қорлық көрді. Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздігін жариялаған сәттен кейін жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған жандарға қатысты тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Архив құжаттарына сәйкес, Исатай ауданы бойынша 1937-1953 жылдар аралығында саяси-қуғын сүргінге ұшыраған 60-тан астам адамдардың белгілі болды. Жыл сайын осы күні аудан көлемінде тарихи-танымдылық шаралар ұйымдастырылып келеді. Ауданымызда 2020 жылы қазақ халқы тарихындағы зұлмат жылдардың қасіреті көрінісі ретінде «Ардагерлер саябағында» саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылды. Тәуелсіз Қазақстанның барша халқымен бірге Исатай жұртшылығы да осынау абзал азаматтарын дәл бүгінгідей күні тебірене еске алып, тағзым етеді, - деді.

Айта кетейік, еліміз үшін айрықша маңызға ие болған бұл күн Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT