Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мемлекеттік Гимнімізбен ашылған салтанатты шараның алғысөзін сөйлеген Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Максут Есполов сала мамандарын атаулы күнмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Мерекеден сәл бұрын атаулы күнге орай бөлім қызметкерлерінің балалары арасында «Менің әкем – құтқарушы» тақырыбында сурет сайысы өткен болатын. Жиында аталған өнер сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Кәсіби мереке иелеріне жүрекжарды тілегін жеткізген Исатай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Еркебұлан Абилхасимов азаматтық қорғау органдарының дамуына үлес қосып, өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарған бір топ қызметкерге марапаттар табыстады.
Одан соң сөз алған Исатай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ринат Курманалиев әріптестерін мерекемен құттықтап, Құтқарушылар күніне орай мемлекеттік қызметшілер арасында кіші аяқдоптан өткізілген турнир жеңімпаздарына жүлделер тапсырды. Айта кетейік, бұл сында Исатай ауданы №6 ӨСБ командасы үшінші, Исатай аудандық полиция бөлімінің командасы екінші орындарды иеленсе, Құрманғазы ауданы №7 ӨСБ командасы жарыс жеңімпазы атанды.
Шара барысында Исатай ауданы, Исатай кенті №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Серік Шахабаев бөлім қызметкерлерінің ата-аналарын да елеп, оларға алғыс хат ұсынды. Одан әрі бөлім қызметкерлерінің күнделікті өмірінен алынған бейнебаянды тамашалаған көрермен аудан өнерпаздарының ән-күйіне тәнті болды.
Серікбол БЕРІКБАЙ