Исатай ауданында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Абежан жиынға қатысушы сала өкілдерін төл мерекелерімен құттықтап, бірқатар шаруа қожалық басшылары мен кәсіпкерлерге алғыс хаттар табыстады.
- Алға қойылған мақсаттарға ұмтылған ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қай кезеңде де еңбегі өлшеусіз. Ел экономикасында өзіндік орны бар, сонымен қатар аудан экономикасында мұнай өндірісімен бірге ауыл шаруашылық саласы өркендеп келеді. Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнімнің көлемі жыл санап артуда. Сондай-ақ төрт түлік мал басының өсімі тұрақты сақталып отыр. Аудан бойынша сала бойынша ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістер көп. Осының барлығы еселі еңбек етіп келе жатқан ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Бүгінгі шарамыз осы салада аянбай еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр, - деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Абежан.
Одан әрі құттықтау сөз кезегі аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиевке жолданды.
- Мал шаруашылығымен айналысатын, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс жасайтын, еліміздің және өңіріміздің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге талмай үлесін қосып жүрген жандардың еңбегі ерекше деп білемін. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Осы салада талмастан тер төгіп келе жатқан барша шаруаларға табанды еңбектеріңізбен өз істеріңізге адалдықтарыңыз, туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз үшін алғыс айтамын, - деген ол ауданның бір топ шаруа қожалығы басшыларына өзінің алғыс хатын табыстап, толағай табыстар тіледі.
Әділбек СЫРЫМОВ