Исатай ауданының әкімі әлеуметтік желідегі ресми парақшада аудан тұрғындарын бүгінгі Мемлекеттік Рәміздер күнімен құттықтады.
"Құрметті исатайлықтар!
Баршаңызды тарихи мәні зор, мерейлі мереке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер күнімен құттықтаймын! Осыдан 28 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалауы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдар күшіне енді" деген аудан әкімі ел тұтастығының маңыздылығын, ұрпағымызды шынайы қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу рәміздерімізді құрметтеуден басталатынын атап өтті.
"Құрметті жерлестер!
Барлық жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналған Рәміздеріміз Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың, бірлігіміз бен берекеміздің символы бола бергей. Елтаңбамыз айбынымызды асырып, көк Туымыз көкте қалықтап, Әнұранымыз рухымызды асқақтата берсін!" делінген құттықтауда.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ