Ынтымақты елімізді одан әрі бірлікке үндеу мақсатындағы бұл мереке - тәуелсіз қазақ елін мекендеген сан ұлттар мен ұлыстардың қазақ халқына деген ризашылық сезімінен туындағаны сөзсіз.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен басталған XXII сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Елбасымыз елімізде мекендеген этностарды кезінде қазақ халқымен тағдыр тоғыстырғанын еске алған еді. Олар күштеп қоныстандыру, сталиндік репрессия, тың игеру кезінде қазақ жеріне қоныс тепті.
Қазір елімізде 140-қа жуық ұлттар мен ұлыс өкілдері тұрады десек, бұл кешегі заманда оларды шеттетпей, бауыр тартқан ұлтымыздың кеңпейілділігі мен дарқандығын көрсетеді. Бүгіндегі елімізде тұрып жатқан сандаған ұлт өкілдері Қазақстанды Отаным деп мақтаныш етіп, өмір кешуде.
Тәуелсіздіктің 29 жылы бір мүддеге біріккен халықтың ғана дамудың биік шыңдарына жете алатынын көрсетті. Түрлі тарихи себептермен қазақ топырағына табан тіреген этностардың «Мәңгілік ел» идеясы төңірегіне топтасуын, қазақ елінің тарихы мен мәдени құндылықтарын құрметтеуін көрсетті.
Құрметті Исатай ауданының тұрғындары!
Алғыс айту күнінде баршаңызға денсаулық, еңбекте жаңа табыстар тілеймін.
Тәуелсіздікпен нұрланған елімізде татулық пен бейбітшілік салтанат құра берсін!
Марат Мурзиев,
Исатай ауданының әкімі