Маруся Мұқанқызы: «Отбасы құндылығы – бірлігі»

Бүгін - Отбасы күні.

Атаулы күнге орай Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Венера Мухитова 2019 жылғы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Маруся Мұқанқызымен онлайн-сұхбат жасады.

«Бүгінгі «Отбасы күні» мерекесі құтты болғай! Барлығымыз ұл-қыз өсіріп отырмыз, олардың болашағының жарқын болғанын қалаймыз ғой. Сол үшін жақсы тәрбие беруге тырысып-ақ келемін» дейді ана отбасылық өмірі жайында сыр шертіп. - Алғашқы отбасылық жылдарым туралы айтар болсам, 1966 жылы ақпан айында Аманбаевтар әулетіне келін болып түстім. Ұлдарын да, қыздарын да еңбекке баулыған тәрбиелі әулет екен. Жолдасым Қапсихпен 24 жыл бірге өмір сүрдік, 1990 жылы өмірден озып кетті. Бір жылдан кейін үлкен ұлым Абзалым ауырды. Оны қаратпаған жерім қалмады. Ол да менің жаныма қатты батты. Бірақ өмірден үміт үзбедім, жазылар деп сендім. Қазір, Аллаға шүкір, жаман емес. Бауыржаным Теңіз кенішінде еңбек етті. Іні-қарындастарына көмегін тигізді. Ұл-қыздарымның барлығы да жоғары оқу орындарын оқыды. Өзімнің осы әулеттен алған тәлім-тәрбиемді қазіргі уақытқа дейін ұрпақ санасына сіңіріп келемін.

Көрген-түйгені көп ана отбасының ең басты құндылығы бірлік, ынтымақ, татулығы деп санайды. Осы басты байлықтарды сақтаған отбасы ешқашан жамандыққа ұшырамайды деген сенімде.

- Балаларымды кішкентайынан еңбекқорлыққа тәрбиеледім деп айтып өттім ғой, осы балаларым айтқанымды тыңдап, ойымнан шыққанына қуанамын, - дейді Маруся апай ағынан жарылып.

- Балалар кішкентайынан ойнауға көп уақыттары болмай өсті. Еңбекке көп көңіл бөлді. Жоспарымыз болса, бәріміз бірігіп ұйымдастық. Бір жерге жиналып, бір дастарқан басында әңгімелесеміз. Үлкен-кіші, аға-қарындас, бауыр деген статустарға аса мән береміз. Сыйластық, татулық, ынтымақ, бірлік – отбасымыздың өмір сүру қағидасына айналды, - деген ана барлық қазақ отбасыларына қаймағы бұзылмаған бірлікті, тату-тәтті тірлікті тілек етті.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT