Коронавирус дерті дендеп, онымен аурушылар қатары күн санап емес, сағат санап көбейіп жатқан, былайынша айтқанда, өлім мен өмір арпалысқан кешегі бір қиын кезең көптің жадында жатталып қала бергені шындық.
Оны қазір қай ауылдастан сұрасаңыз да қаз-қалпында ойына оралтады.
Сол уақыттардан көз алдымызға келер көріністің бірі – ауыр дертпен арпалыстың ортасында жүрген ақ желеңділер. Құжынаған халқы көп қалалық жерлерді айтпағанда, ауылдардың өзінде аждаһа дерпен ауырғандар жетіп артылып жатты. Сондай кезде күннің ыстығы мен суығына қарамастан үйден ем алып жатқан науқастарға ем-домын жасап үлгеру үшін ауыл-ауылдарда көше-көшені аралап кеткен денсаулық сақшыларын жиі көретінбіз. Солардың бірі Тұщықұдық дәрігерлік амбулаториясының телімдік медбикесі Лаура Бахтанқызы Тажахметова еді.
Арнайы қорғаныш киімін киіп, барынша мұқият болғанымен аурулардың ортасында жүрген олардың өзіне де төнген қауіп көп болатын ол кезде. Алайда, антқа адалдық, адамдарға деген жанашырлық, өз ісіне шынайы берілгендік оларды ол жайлы көп ойлантпайды десек болады. Бірінде демалысы қиындап, бірінде ұйқысы қашып, сырт дүниемен тек ұялы телефон арқылы байланысуға ғана мәжбүр үлкен-кіші науқастар терезеге телміре медбике Лаураны күтетін күндер де көп-ті. Өзін ойлауды ұмытқан, әр аурудың жағдайына алаңдаулы медбике болса келген бойында алдымен ауруларының хал-жағдайын сұрап, қажетті сақтық шараларын ұмыт қылмауды қайталап айтудан әсте жалықпайтын. Науқастың сол мезеттегі жағдайын тәптіштей сұрап, не істеуі керектігін құлағына құятын. Айтылған емді уақытылы қабылдауын, қимыл-қозғалыста болуын, түрлі жаттығулар жасауын да кейде қатты, кейде тәтті айтып жеткізіп жататын оның әр сөзіне сенген науқастардың көңілі сәл де болса көтеріліп, үрейін үмітке, күдігін сенімге жеңгізе түсетін-ді. Бір күннің ішінде ондаған үйді бір өзі аралап шығып, әбден шаршап тұрса да алдындағы ауру адамға онысын сездірмеуге тырысатын ақ желеңді жанның ерік-жігерінің молдығы қазір де риза қылады.
- Кейде қатты шаршадық, кейде өз басымыз, отбасымыз үшін уайымдаған кездеріміз болды. Бірақ, соның бәрінде алдымен аурулардың жайын ойладық, жұмысымыздың өзі де сол ғой біздің, - дейді Лаура Бахтанқызы.
Атырау медициналық колледжін «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша бітіріп шыққан 2001 жылдан бастап әуелі мектеп-жатақханада медбике, кейін аудандық перзентхана бөлімшесінде бала медбикесі, аудандық емханада учаскелік медбике, 2006 жылдан Тұщықұдық дәрігерлік амбулаториясында телімдік медбике болып тер төгіп келе жатқан оның жылдар легінде жиған тәжірибесі, алдыңғы буын әріптестерінен алған тәлімі де сыналар сәтте септескені кәміл.
- Жұмысына өте тиянақты, берілген тапсырмаларды уақытында орындап біткенінше тыным таппайтын жан. Еңбекқор, сонымен бірге адамдарға өте жанашыр, соншалықты мейірімді әріптестеріміздің бірі - осы Лаура Бахтанқызы. Ол – өзінің осынау қасиеттерін кешегі ковидпен күрескен қиын күндерде де нақты іс жүзінде көрсете білгендердің қатарында, - дейді кейіпкеріміз жөнінде дәрігерлік амбулаторияның жалпы тәжірибелік дәрігері Дина Вахитқызы.
Иә, Лаура бүгін де 3 дәрігер, 18 медбике, 2 фельдшер, 1 кіші медицина қызметкері, 2 жүргізуші ауыл тұрғындарының амандық-саулығы үшін тер төгіп жатқан өз еңбек ортасында. Қашанғы әдетінше ауру жандардың амандығына алаңдаулы медбике солардың тиісті ем-домын жасап, жандарына жылылық сыйлағанша асығып тұрады.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР