Мұғалімдер - әскери сайыстың жеңімпазы

Бүгін Аққыстау ауылындағы «Жеңіс» саябағында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына және Отан қорғаушылар күніне орай әскери-спорттық жаттығулардан сайыс өтті.

Оған мектеп мұғалімдері, мешіт жастары және аудандық әкімдіктің командалары қатысты. Сайысқа қатысушылар бөренеде (бруся) жаттығу жасау, 100 метрге жүгіру, денені көтеру (отжимания), кермеге (турникке) тартылу және автоматты шашып жинау сайыстары бойынша сынға түсті. Оларға әскери қызмет ардагерлері қазылық етті.

Бөренеде жаттығу жасаудан 60 рет көтерілген мектеп мұғалімі  Бердібек Өмірбеков алға шықты. Сондай-ақ, дене көтеруді 50 рет орындап және 30.77 секундта автоматты шашып-жинап, сайыстың қаһарманы атанды. Кермеге тартылудан Бердібек Өмірбеков пен мешіт жастары командасының қатысушысы Теңел Нұрымов екеуі тең түсті. Ал, 100 метрге жүгіру сайысында 14 секундта жарыс жолын аяқтаған мектеп мұғалімі Айдос Қаражанов алға шықты.

Сайысқа төрелік еткен Ернияз Ермұханов:

- Басқа командаларға қарағанда мұғалімдердің басымдығы анық байқалды. Себебі, олар мектепте балалармен араласып жұмыс жасағаннан кейін, үнемі дайындықта жүреді. Дегенмен де, басқа командаларға да жауапкершілік танытып, жарысқа қатысып жатқандарына үлкен алғыс айтамыз. Қатысушы командалар көп болса, сайыс бұдан да қызықты, тартысты өтер еді деп ойлаймын. Әр жарыстың ішінде бір жүйрік болатыны сөзсіз. Бүгінгі жарыста дара көрінді деп мектеп мұғалімдері командасының қатысушысы Бердібек Өмірбековты айтуға болады. Ол қазылардың құрамында болған Нұрлан Хамидуллин ағамыздың шәкірті, мектеп кезінен түрлі әскери жарыстарға қатысып, жүлделер алып жүрді, әлі бабында екенін бүгін тағы дәлелдеді, - деді.

- Қазіргі жастардың спортқа жақын болуы көңілді қуантады. Сайысқа қатысқандар өз шеберліктерін көрсете білді деп ойлаймын. Ең бастысы, спортты серік етіп жүргеннің өзі олардың денсаулықтарына жақсы әсерін тигізеді. Жастардың мықты, абыройлы болып өсуіне тілекшімін» - дейді әскери қызметтің ардагері Нұрлан Хамидуллин.

Сайыстың қорытындысы бойынша, командалық есепте І орынды мектеп мұғалімдері, ІІ орынды мешіт жастары, ІІІ орынды аудандық әкімдік командасы иеленді. 

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521