Өнерді серік еткен Серік аға жетпісінде жерлестерімен жүздесті

Аққыстау халық театрының абызы, театр аполлоны атанған Серікқали Қинешев мерейлі жетпіс жасында ауыл сахнасында көрермендерімен жүздесті.

Жастық жалынын өнер жолына арнаған тума талантпен болған кездесу сұхбат түрінде өтті. Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Берікбол Қонаровтың қойған сауалына тұшымды жауап берген мерейгер шығармашылық өмірі жайында сыр шертті. Жастайынан-ақ өнерге талпынған Серікқали аға мектеп бітірісімен ауыл клубында киномеханиктің көмекшісі болып жұмысқа орналасыпты. Әуелден де ән өнеріне жаны құмар, әртістік қабілеті де жоғары жас жігіт 1966 жылы өнердегі тәжірибелі ұстаздарының жетекшілігімен Аққыстау халық театрын құру үшін қызу дайындық жұмыстарына кірісіп кетеді.

Ғатау, Нариман сынды өнер тарландарынан тәлім алған он сегіз жасар жас өнерпаздың театр сахнасындағы алғашқы қадамы осылай басталыпты. Жүргізушінің «Сәтті сомдаған рөліңіздің ішінен қайсысын ерекше атар едіңіз?» деген сауалы өнер адамының өткенін есіне салды. - 1969 жылы Тахауи Ахтановтың «Күтпеген кездесу» атты спектаклінде Ғатау аға екеуміз майдандас достардың рөлін ойнадық. Қан майданда серттескен қос жас жігіт араға 25 жыл салып кездеседі. Сол кезде жиырма екі жастағы маған қырық бестегі жігіт ағасының рөлін сомдау жүктелді. Қобыраған шашымның жартысын аққа бояп, әкемнің сұр костюмін киіп сахнаға шыға келгенімде Ғатекеңнің өзі таңырқап, риза болғаны әлі есімде. Тіпті, қойылымнан соң: «Сен сахнаға шыққанда Ыдырыс Ноғайбаев келіп қалған екен деп едім. Ал, жолың болсын, бала!» деп риза болғаны көз алдымда, - дейді әртіс.

«Ауданның Ескендірі» атанған Секеңнің әншілік қыры өз алдына бір әңгіме.

- Осы ауылда, дәл осы сахнада тұсауы кесілген Абайдың сөзіне жазылған жергілікті сазгер Шәмшиден Шәріповтің «Абай сыры» әні - жаныма жақын дүние. Облыстық ән байқауы өтетін болып, осы әнді орындауды Ғатау, Нариман ағаларымыз маған ұсынған еді. Сол кезде, есімде, «Абайдың сөзін ән қылып айтқаны несі? Бұндай әнді орындауға да, баға беруге де болмайды» деп қазылар алқасының төрағасы тыйып тастады. Әрине, ол уақытта бұндай жайттардың астарына ой жүгіртіп, мәніне терең бара бермейтінбіз. Кейін білдік қой, Абайды неге айтқызбағандарын. Не десе де жүрегіме ұялаған ән осы Абай сыры еді» дейді ардагер өнерпаз. Қоңыр даусын қалықтатып аталған әнді орындап та берді. Ауыл әртісінің көрерменнің көзайымына айналған қысқа метражды «Аманат» фильмінде де сәтті өнер көрсеткені көпке белгілі. Аталған фильмді әңгімеге арқау қылған жүргізуші Серікқали ағамыздан кино мен театр сахнасында ойнаудың айырмашылығын сұрады.

– Киноға түсу театрда ойнаудан жеңіл, - дейді ардагер.

– Өйткені, ондағы мамандар әр қимылың мен сөйлеген сөзіңді, әрбір дыбысты монтаждап, әрлеп отырады. Ал театрда ондай мүмкіндік жоқ қой. Бұл кинода бәрі ойдағыдай болды деп ойлаймын. Егер, тағы да бір фильмдерге түсуге ұсыныс түсіп жатса, қарсылығым жоқ. Түсе саламыз ғой, оңай нәрсе екен, - дейді ағамыз әзіл-шыны аралас.

«Сахна аполлоны» деген атаққа ие театр әртісі бұл атауды 2014 жылы облыстық театрлар байқауында «Мазар» спектаклін сахналап алыпты. Аққыстау халық театрының әртістерімен бірге сол қойылымнан үзінді ұсын-ған Серікқали аға өзегі өртенген әке рөлін көрерменге шынайы күйде жеткізе білді. Кеш барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев жылы лебізін білдіріп, аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың Тілек хатын табыстаса, ауыл ардагері, өлкетанушы Мұрат Бектенов те құттықтау сөз сөйлеп, «Сахара» газетінің бас редакторы Қуандық Батыровтың Құттықтау хаты мен кәсіподақтан берілген «Құрмет грамотасын» тапсырды. Сондай-ақ, театрдың ардагер әртісі, мерейгердің замандасы Дариға Ахмедиярова да игі тілегін жеткізді. Ақ тілегін арнаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Қабира Қаюмова аудандық ардагерлер кеңесінің Құттықтау хатын ұсынса, шараны қорытындылаған ауыл әкімі Мәди Өтеғалиев мерейлі жасқа толған театр әртісіне алда да шығармашылық табыс тілеп, Тілек хаты мен естелік сыйлық табыстады.

Серікбол Панабердиев

Суреттерді түсірген Ә.Шарапиденов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521