Жүзінен мейірімділік пен жылылық шуағы төгіліп тұратын Абдрахманов Ғарифолла атамызды бозбала кезімізден жақсы танитынбыз.
Бізді баласынбай, сәл жымиып қойып, сәлемімізді шын ынтасымен алушы еді. Кейін жігіт шағымызда атамызбен Тұщықұдық ауылының орталығындағы үйінде көршілес тұратын құрдас жігіттің бара қалғанымызда міндетті түрде алдымен қартқа амандаса кіріп шығатынбыз. Сол кезде ол кісінің өз атаммен бірге, 200-атқыштар дивизиясында сапта қатар тұрмағанымен, майдандас соғысқанын білмеппін ғой.
Ғарекең, соғысқа дейін-ақ, 17 жасында Гурьев мұғалімдер училищесін бітіреді. Соғысқа 1942 жылдың қаңтарында шақырылып, Солтүстік Батыс майданына қарасты 200-атқыштар дивизиясының 642-атқыштар полкінде курсант, кейін миномет бөлімшесінің командирі болды. Шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін 1943 жылы қазанда «За боевые заслуги» медалімен наградталады. Батальон комсоргі ретінде кіші лейтенант Ғ.Абдрахманов Дубно өзенінен өтерде жауынгерлерге рух беріп, оларды жауға қарсы шабуылдарға өзі бастап көтеріп, жеңіске жігерлендірген ерліктері үшін 1944 жылдың тамызында 2-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталады.
Сол тамыздың аяғында Латвияның Ауглены деревнясы маңындағы сұрапыл шайқаста, рота командирі қаза тауып, оның орнына Ғ.Абдрахманов ротаға өзі басшылық жасап, жаудың 11 шабуылына тойтарыс береді. Сол шайқаста Ғарекең ауыр дене жарақатын алып, контузияға ұшыраған, қаруластары оны қаза тапқан деп есептейді, жоғарыға да солай хабарланады. Осы ерлігі үшін 100-атқыштар корпусының командирі, гвардия генерал-майоры Михайловтың бұйрығымен 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен «посмертно» (қаза тапқан) деп наградталады. Осы награданың тіпті атамызға табысталғаны да белгісіз. Ол кезде атамыз Свердловск қаласындағы эвагоспитальде ауыр халде жатқан болатын. Сол жарақаттан 1945 жылдың қарашасында емделіп, елге оралады.
Соғыстан кейін мүгедектігіне қарамастан халыққа білім беру саласында Сартөбе, Карл Маркс, Чкалов, Қарашығанақ, Жасқайрат мектептерінде, Махамбет мектеп-интернатында мұғалім, мектеп меңгерушісі болып 1980 жылға дейін еңбек етті. Денсаулығына байланысты 1980-1982 жылдары сауда саласында жұмыс істеді. Цехтық партия ұйымының хатшысы, бірнеше рет ауылдық кеңестің депутаты болып, қоғамдық өмірге белсене араласты. Үлкен әулеттің басшысы болып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірді, немерелер қызығын көрді.
Еркін ЕЛЕМЕСОВ
Аққыстау ауылы