Өткен аптаның жұмасынан бастап түрлі спорттық, мәдени шаралардан бастау алған кәсіби мерекенің нақты белгіленген күні – 28 маусым берекелі еңбектің лайықты бағасын алған сәті болып есте қалды.
Сол күні түске дейін мерекеге орай аудандық «Нарын таңы» газеті редакциясының ұжымы мен ардагерлерін қабылдаған аудан әкімі Полымбет Хасанов ауданның тыныс-тіршілігін ауылдастарға талмастан жария қылып, оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қай кезде де қалам қуатымен қаттап келе жатқан еңбектері үшін алғыс сезімін білдірді. Онда бүгінгі ұжымның, сондай-ақ бұрынғы ұжымның да еңбек үлестері аз емесіне баса тоқталған аудан басшысы, алдымен, бір кезде газет редакциясындағы есепшілік еңбегімен көрінген есепші маман, бүгінгі зейнеткер Қамария Қапсалықованы өзінің Алғыс хатымен марапаттады. Газеттің жас мамандарының бірі Әділбек Сырымов та осындай құрмет көрді.
Құттықтау сөз кезегін алған аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев бұрын газетте корректорлық қызмет қылған бүгінгі зейнеткер Мәрзия Пазыловаға, І-санатты маман Жоламан Дәулетиярға аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарын табыс етті.
Мерекелі жиында сөз алған газеттің бас редакторы Нұрболат Нұғманов көрсетіліп жатқан құрмет үшін ұжым атынан ризашылығы жеткізіп, басылым қызметінің қазіргі бағыт-бағдары, алдағы 70 жылдық мерейтойы туралы баяндады, ұжым ардагерлері Әбілмажан Шарапиденов пен Тілектес Қисамединовке, дизайнер маман Нұрғабыл Дәулетияровқа «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Жасын Біркеновтің Құттықтау хаттарын ұсынды.
Мерекелі күні ұйымдастырылған облыс әкімінің өңірдегі бір топ баспасөз саласы ардагерлері мен озық қызметкерлерін, бұқаралық ақпарат құралдары басшыларын қабылдауында да басқалармен бірге «Нарын таңының» бүгінгі көшін алға сүйреп, жастарға тәлімгерлік қылып жүрген қос бірдей қызметкерінің де мерейі үстеп, бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы Аяпберген Салихов Тауман Амандосов атындағы сыйлықты, І-санатты маман Жоламан Дәулетияр «АМАNАТ» партиясының Алғыс хатын иеленді.
Өз тілшіміз