Қос ауғандық ардагерге арналған облыстық турнир өтті

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай жерлестеріміз Жомарт Абуов пен Әлімғали Мұхановты еске алуға арналған волейбодан ерлер арасында облыстық турнир өтті.

auq-turnir1302

Ауған қасіретін көріп, бейбіт өмірде дүниеден өткен қос ардагерді еске алуға арналған турнирдің ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін аудан әкімі Марат Мурзиев алды.

aug-tur13

– Бүгін біздің ауданымызда үлкен шара өтіп жатыр. Оған себеп – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толып отырғаны. Бүгінгі турнирдің басты мақсаты бәріңізге белгілі. Бұл жарыста топтан озып, бәйге алу басты міндет емес. Ең бастысы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру, ерлікті насихаттау.

aug-130220

Жерлестеріміз Жомарт Абуов пен Әлімғали Мұханов ауған соғысында болып, кейін ортамызға оралып, бейбіт өмірде бақилық болған азаматтар. Олардың есімдерін есте сақтау үшін ұйымдастырылып жатқан спорттық сайысымызға көрші аудандардан келіп жатқан командаларға, елеулі шарамызға арнайы келіп отырған облыстық ауған ардагерлері ұйымының төрағасына да ризашылық білдіреміз. Тарих бетінде таңба болып қалған бұндай қасіретті соғыстар енді болмасын деп тілейміз. Қазіргі кезде еліміздің ең басты құндылығы ішкі тұрақтылығы, бейбітшілік, ынтымақ-бірлігі деп білеміз, - деді аудан әкімі.

bol-tur1302

Одан соң Ауған соғысы ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғабиден Қайыржанов жылы лебізін білдіріп, осы шараға ұйытқы болған аудан басшылығына алғысын білдірді. Ашылу салтанатын Әлімғали Мұхановтың ағасы Құмарғали Мұханов қорытындылап, ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

aug-bol13

Еске алу турниріне Атырау қалалық білім беру ұйымдары, Атырау қалалық ауған ардагерлері, «Сазанқұрақ» ЖШС, Құрманғазы ауданы ардагерлері, Исатай ауданы білім беру қызметкерлері, «Жайықмұнайгаз» командалары қатысты. Жарыс қорытындысында Атырау ауған ардагерлері командасы жеңімпаз атанса, Исатай ауданы білім беру қызметкерлері екінші орынды еншіледі. Ал, үшінші орын Құрманғазы ауданы ардагерлеріне бұйырды.

Турнирдің өтуіне тікелей демеушілік жасаған «Сазанқұрақ» ЖШС екенін айта кеткен жөн.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT