Әлемдердің Раббысы Алланың қалауымен барша мұсылмандар үшін қасиетті саналған Құрбан айт мейрамы да келіп жетті.
Бұл мереке мұсылмандарға тиесілі екі құрметті мерекенің бірі. Сондықтан Ислам дінін ұстанып, оған үлкен құрметпен қараған әрбір мұсылман адам, Құрбан айт мейрамының маңыздылығына ерекше мән береді. Оны қарсы алу үшін үш күн бұрын тазаланып, дайындалады. Арапа күні, яғни, айттан бір күн бұрын ораза тұтып, сол күні таң атқаннан күн батқанға дейін құлшылықпен өткізеді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін...» – деп бұл күнгі оразаның маңыздылғын баса айтқан.(Сахих Муслим)
Тағы бір хадисінде: «Дұғалардың ең қайырлысы – арапа күні жасалған дұға...» – деген. (Термизи)
Айт күні таң намаздан кейін, жүздері жадыраған күйде қуанып мешітке қарай ағылған жамағат, ең бірінші құшақтаса көрісіп, бір-бірін айт мейрамымен құттықтады. Одан кейін, мешіттің шарбағында келушілерге арналып әзірленген шұбат пен бауырсақтан дәм татып, мешіттің ішіне енді. Айт мейрамында қауышқан жамағаттың көңіл күйі әдеттегіден өзгеше екені бірден байқалды. Алланың берекеті түскен бұл күні мешітте бас имам Жеңіс Сисенбаев жамағатқа қасиетті Құрбан айт мейрамы жөнінде уағыз насихат айтып, атаулы мерекемен құттықтады.
«Қасиетті Құрбан айт —мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі. Айт — сөзі «әл-ғиду» сөзінен шығып, мереке, мейрам, қуаныш деген мағыналарды білдіреді. Бұл күні мұсылман адам айт намазын оқып, құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер жасауға тырысады. Алла тағала қасиетті құранда «Хаж» сүресінің 32-аятында:«Кім Алланың белгілерін ұлықтаса, шындығында ол жүректің тақуалығынан» — деген. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с):«Құрбан айт күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тағала тұтас үмбет үшін мереке етті»-деген. (имам Әбу Дауд)
Мұсылман адам арафа күні ораза ұстау, айт намазын оқу, құрбандық шалу секілді ізгі амалдардың барлығын шынайы ықыласпен орындау қажет. Алла тағала қасиетті Құранда «Зумәр» сүресінің 2-аятында:«Біз саған осынау кітапты ақиқатпен түсірдік. Ендеше дінді Аллаға арнап, ықыласпен құлшылық ет»-деп айтқан.
Имам әл-Бәйдауи: «Әрбір іс-ниетсіз дұрыс болмайды. Өйткені, ниет етілген амал іске аспаса да, оған сауап жазылады, ал ниетсіз жасалған іс босқа кетеді. Жан тәнге қандай керек болса, ниет те амалға сондай қажет»-деген» — деді ол.
Күн сәл көтерілгеннен кейін мешітке жиналған бүкіл жамағат сапқа тұрып, «айт намазын» оқыды. Одан кейін бас имам мінберге көтеріліп, айт намазының хұтпасын оқып, барша жамағатты мешіт шарбағындағы киіз үйде жайылған дастарханнан дәм татуға шақырды.
Мерекенің нығметін сезініп, мәз болып тарқасқан жұрт бесіннің алдында киіз үйге жиналып, мерекені одан әрі жалғастырды. Дастархан басында алғашқы болып сөз сөйлеген бас имам, ең бірінші мейрам кезінде белсенділік танытып, шаралар ұйымдастыруда аянбай көмек көрсеткен бірқатар азаматтарға алғыс білдірді. Сондай-ақ, дастархан мәзірін дайындаған мешіт қызметкерлері мен мал сойған қасапшы жігіттерге рахметін айтты.
- Мешіттегі бауырлардың дінге және мешітке деген жанашырлығының, құрметінің арқасында осындай дастархан жайылып, шаралар ұйымдастырылуда. Осының барлығы ең бірінші ауызбіршіліктің арқасында жүзеге асып жатыр. Бізді кез-келген қиындықтан шығаратын қаражат емес осы ауызбіршілік. Біз бүгінгі мейрамда атқарылатын іс шаралар арқылы көпшілікке мұсылмандықты сезіндіруіміз қажет. Біз ата бабамыздан бері мұсылман халықпыз. Бірақ, қазіргі уақытта мұсылмандығымыз ас қайырып, бет сипаумен ғана шектеліп тұрғаны шындық. Біреулер жұма күні жеті шелпек пісіріп, құран бағыштайды. Мұсылмандық деген ол емес. Мұсылман - Алланың бұйрықтарын бұлжытпай орындап, тыйғанынан тиылып, шынайы құл бола білген адам. Құлдың екі сипаты бар. Бірінші ол қожайынын мойындайды, екінші соған бойұсынады. Ал, намаз оқымау, ораза ұстамау, жалпы Ислам дініне мән бермей жүре беру үлкен қасірет» — деді ол.
Ұстаздың ұлағатты әңгімесі дастархан басында отырғандарды ұйытып, терең ойға шомылдырды. Өйткені, қоғамдағы келеңсіздіктер мен діни мәселелер жайында бас имамның айтқаны, күнделікті көз алдымыздан өтіп жатқан жағдайлар.
Бесіннен кейін қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып «К7 group» ЖШС-нің демеушілігімен бір бас сиыр және мешіттің атынан төрт бас қой құрбандыққа шалынып, жағдайы төмен 15 отбасына таратылды. Сондай-ақ оларға айт мейрамының құрметіне азық-түлік қоса берілді. Кешкі салқынмен көшеге, ойын алаңдарына шыққан балаларға айт мерекесіне орай 400 балаға сыйлық үлестірілді.
Берікбол ҚОНАРОВ