Сарайшық ауылында этноауыл құрылады

Атырауда 27-29 қазанда өтетін «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында Сарайшық ауылында этноауыл құрылып, даңқты дәуірдегі бабалар тарихынан театрландырылған қойылым көрсетілетін болады.

Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы ЖәнібекАманиязовтың айтуынша, қала және ауданддардың әрқайсысынан 1 киіз үй тігіліп, ақшаңқан үйлердекөрме жасақталады.

– Алтын Орда заманындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық көрмесі де көпшілік назарына ұсынылады. Әр киіз үйде жергілікті қолөнер шеберлері қонақтарға ұлттық бұйымдардың жасалу тарихы мен технологиясынан сыр шертіп, шеберлік сабақтарын өткізеді. Сондай-ақ Қызылқоға, Махамбет аудандары ұлттық ас мәзірін сыйға тартады, – деді ол.

Айшықты Алтын Орданың асқақтығын паш етуші ұйымдастырушылар ұлттық құндылықтарды насихаттап, рух пен бекзат болмысты биікке көтермекші.

Еске салайық, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бұл шара Атырау өңірінде тұңғыш рет өткелі отыр. Тарихымыздың алтын парақтарына айналған айтулы шарада ұйымдастырушылар да, қадірлі қонақтар мен шетелдік мәртебелі меймандар да құдіретті Алтын Орда дәуіріне сапар шеккендей әсер алады. Ең бастысы, этноауыл облыс тұрғындары мен қонақтарына іс-шарадан кейін де тұрақты қызмет ететін болады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT