Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтың қатысуымен 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Балалар игілігіне тартуымыз» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі жиынға қатысушыларды және орталықтың ерекше балаларын бүгінгі мерекемен құттықтап, ұйымдастырушы тәрбиешілерге алғысын білдірді.
- Бүгінгі Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы жылды балаларға арнауы тегін емес. Ата-бабамыздан: «Білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді» деген нақыл сөз қалған. Жаңа Қазақстанның алдында тұрған жауапты міндеттің бастысы – жас ұрпаққа замануи білім беріп, халқымыздың ғасырлар тезінен өткен ұлттық тәрбиесін қанына сіңіру, дені сау болып өсуіне көмектесу. Жаздың күні қандай жайдары болса, бұл мереке де сондай шұғылалы болуы керек. Баланың жүзін кірбің шалмауы, олардың ең бақытты шағының еш көлеңкесіз болуы – барлық ата-ананың басты арманы болса, ал мемлекеттің негізгі міндеті. Балаларға тек мереке күні емес, жылдың әр күнінде көңіл бөліп, қорғауымыз қажет, деді С.Шәпкенов.
Мерекелік шара балалардың қатысуымен ұйымдастырылған концертімен жалғасты.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы орталықтың жұмысымен танысты. №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы күндізгі және стационар бөлімде 76 бала тәрбиеленуде. Биыл орталықта балаларға арналған қышпен жұмыс жасауды үйрететін арнайы кабинет, тігін шеберханасы және жылыжай ашылды.