Исатай ауданында саналы ғұмырын өнер мен шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаз, әуесқой композитор, күйші, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шәмшиден Шәріповтің есімін білмейтіндер кем де кем.
Өмірінің соңына дейін балаларды өнерге баулыған Шәмшиден атамыздың жанына жолдас болған бір серігі қоңыр домбырасы-тұғын. Ән-күйін мұра қылған өнер иесінің артында өлмес туындыларымен қоса ескірмес жәдігер қалды. Ол – өмірінде дос, өнеріне серік болған домбырасы еді.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Шәкеңнің немере інісі, республикаға танымал дәстүрлі әнші, термеші Манарбек Дәулетов ағамызға көкесінен қалған аспап жайлы білмек болып хабарласқан едік.
- Ел білетін талантты тұлғалар Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева, Құттыгерей Дүйсеев сынды өнер адамдарының ең бірінші Шәмшиден атамыздан тәлім-тәрбие алғандығын көпшілік біле бермейді. Қазір көкеміздің ұстап-тұтқан домбырасы төрінде көзіндей сақталып тұр. Менің әкем Манап Дәулетовтің домбыра жасаушы шебер екендігін көзін көргендер жақсы білуі тиіс. Әкем үлкен өнер байқауына арнап оркестрге 40 домбыра жасапты. Солардың бірі - бүгінде Шәмшиден көкемнің артында қалған осы қоңыр домбыра, - дейді Манарбек Дәулетов.
- Кейінгі жылдары бұл домбыра өңделді. Өйткені, саусақ тиген соң аспаптың беттақтайы қажалып, мүжіле береді. Бірақ, ешқандай ою-өрнек салынып, әшекейленген жоқ, домбыра сол қарапайым қалпын сақтап қалды. Ол домбыраның қазіргілерден айырмашылығы шанағы кең және ағашы аса сапалы емес. Қарапайым қара ағашты өңдеп, кептіріп, бар құралмен бабын келістіріп жасалған дүние. Дегенмен, оның басқа домбыралардан еш кемдігі жоқ. Ерекшелігі сол, аспаптың үні шанағында еді. Марқұм Әзидолла Есқалиев ағамыз: «Пәлі, Мәкеңнің мылқау домбыраларының өзінің қақпағын кері ауыстырсаң, сөйлеп қоя береді ғой, шіркін!» деуінің өзінде үлкен мән бар. Жалпы домбыраның үні оның бетіндегі қақпаққа тікелей байланысты, - дейді термеші.
«Әкемнің жасап берген домбырасын Шәкең өмірден өткенше қолынан тастаған жоқ. Өмірінің соңғы жылдары шығармашылығына ден қойған көкеміз сол кездегі бейнетаспаға біраз күйлерді жазып қалдырды. Үні сапалы болмағанымен, ол дүниелер кейін өңделіп, қазір өзімде сақтаулы тұр» дейді ата жолын жалғастырушы өнер иесі.
- Ол кездегі домбыралардың қазіргіден айырмашылығы 9-12 пернеден аспайтын. Қазір арнайы перне болып бөлінген, нотадағы «бемоль», «диез» деп аталатын үндерді ол кезгі домбырашылар алшақ орналасқан қос перненің арасынан дәл тауып, дөп басып ойнайтын. Тағы бір айта кетер жайт, қазіргі домбыраларда мойнын бөлек, кеудесін бөлек жасаса, бұрынғыларда тұтас күйінде ойып дайындайтын. Көкеміздің домбырасы да дәл сондай. Қақпағына жергілікті өзімізден дайындалатын ағаштар қолданылады. Өйткені, жоғарыда айтып өткенімдей, ол уақытта бүгінгідей неше түрлі сапалы ағаштар болған жоқ, - деген Манарбек ағамыз Шәмшиден атамыздың артында қалған домбырасы біраз күйлерді дүниеге келтіргенін айтады.
– Ауылға алғаш жарық келгенде елдің көңіл-күйін, тұрмыс-тіршілігін жеткізген «Ауыл шаттығы», соғыстан оралмаған достарына арналған «Ұмытылмас достарға», мектеп бітірушілерге арнаған «Мектеп бітірушілер жыры» атты шығармалары осы бір қызылды жасылды бояуы жоқ, қазақтың дәл өзіндей қарапайым домбырадан туып, бүгінде үлкен сахналарда орындалып жүр, - дейді Мәкең.
С.БЕРІКБАЙ.