Шуақты шақтың шырайлы мерекесі

Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі.

Атаулы күнге орай Исатай аудандық білім бөлімінің жоспарына сай, «Атырау облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті» филиалының ұйымдастыруымен аудан орталығында «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағы» атты сән-салтанаты келіскен мерекелік шара қолға алынды.

img_7671

Таңертеңнен қосылған әсем әуен ырғағы бүлдіршендермен қоса, барша аудан тұрғындарын орталық көшенің маңына жинады. Сондай-ақ шараға аудан басшысы Полымбет Хасанов, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева және ардагер ұстаздар Әлия Фазылова, Сәбила Ерғалиева қатысты.

img_7485

Шара әуелі мерекелік шеруден бастау алды. Оның құрамында аудан орталығында орналасқан 11 білім беру ұйымдарынан барлығы 298 төменгі сыныптың оқушылары мен бөбекжай-бақша бүлдіршіндері және 55 педагог болды. Шеруді алғашқы болып аудандық Оқушылар үйінің ұстаздары мен тәрбиеленушілері бастаса, соңғы легін 40 жылдық тарихы бар Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі аяқтады.

img_7733

Шеру аясында әрбір білім беру мекемелерінің ұстаздары мен бүлдіршіндері мерекелік тарту есебінде арнайылап дайындап әкелген өз өнерлерін ортаға салды. Мәселен, талантты оқушылардың басы біріккен аудандық Оқушылар үйінің тәрбиеленушілері «Көңілді балалар» биін нақышына келтіріп билесе, бүлдіршіндері күні бүгінге дейін бірнеше республикалық байқаулардың жеңімпазы қатарынан көрініп үлгерген «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының ұжымы «Біз өнерлі баламыз, Жұлдыз болып жанамыз» атты мерекелік көрініс сомдап, көптің көңілін көкке көтерді. Сондай-ақ татами төрінде дзюдо спортының бірнеше әдіс-тәсілін көрсетіп, шеберліктерін танытқан «Барыс» спорт клубының балғын шәкірттері және барша бүлдіршіндермен ортада қосыла би билеген мультфильм кейіпкерлері де бүгінгі мерекелік шара шырайын аша түскендей әсер қалдырды.

img_7497

img_7713

Сонымен қатар шараның тізгінін ұстаған қос жүргізуші шеру барысында жүріп өткен әрбір білім беру мекемесінің өзіндік жетістіктерін атап өтумен болды. Бұл да өз кезегінде өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен білімі жолында тер төгіп жүрген ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегінің нәтижесі іспеттес көрінді.

Бұдаң соң, аудан әкімі Полымбет Хасанов ортаға шығып, барша балғын бөбектерді айтулы мерекемен құттықтады.

img_7750

- Құрметті балалар! Қадірлі ата-аналар! Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жаздың алғашқы күнімен келетін мереке балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл асыға күтетін басты мереке. Бүігнгі шеру барысында барлық білім беру ұйымдарының тәрбиенушілері мен оқушыларының ауызтолтырып айтарлықтай жеткен жетістіктері баяндалды. Соның бәрін тыңдай отырып, менің кеудемді қуаныш кернеді. Ауданымызың осындай өнерлі әрі озат балаларға толы болғаны үлкен мақтаныш деп білемін. Бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы зор. Балаларымыздың әрқашан жүздерінен күлкі, жүректерінен мейірім кетпесін! Әрбіреуінің болашақта елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болуын тілеймін, - деген аудан басшысы мерекелік шараға қатысуда белсенділік танытқан барлық білім беру ұйымдарын өзінің Алғыс хатымен марапаттады.

img_7774

img_7779

Сонымен қатар өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева да балаларға мерекелік жылы лебізін білдіріп, №4 аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің тәрбиеленушілеріне өзінің Алғыс хаты мен мерекелік тарту ретінде ойыншықтар табыстады.

img_7802

Сәні мен салтанаты келіскен мерекелік шараның соңы өнерлі өрендердің сазды бағдарламасына ұласты. Аудан тұрғындары мен кішкентай бөбектер мерекелік шарадан көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Айта кетейік, мерекелік шаралар легі өзге ауылдық округтерде де көрініс тапты.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT