Ауданның 90 жылдығына арналған "Ауыл күні" мәдени жобасы Тұщықұдық ауылында жалғасын тапты.
Шара қан майданда қаза болған боздақтардың есімдері жазылған ескерткіш тақта алдына гүл қою рәсімімен басталды. Мәдени шара барысында ауыл орталығынан «Жасмағамбетова Раиса» жеке кәсіпкерлігінің иелігіндегі "Гаухар" тұрмыстық қызмет көрсету орталығының тұсауы кесілді. Білгеніміздей, шағын ғимаратта екі шаштараз, тігінші, сондай-ақ, екі сәндеушіге орын берілген. Тұрғындардың айтуынша, жұмысын бастағанына бірер ай ғана уақыт болған қызмет көрсету орталығына келушілер саны да аз емес көрінеді. Ғимараттың ашылу салтанатында алдымен ауыл әкімі сөз алып, ел игілігі үшін жұмысын бастаған жаңа кәсіп иелеріне жылы лебізін білдіріп, мемлекетіміз қолдан келгенше қолдау көрсетіп отырған шағын және орта бизнестің ауылда қарқынды дамуына үлес қосуда ауыл кәсіпкерлеріне табысты еңбек етуді тілек етті. Игі тілегін жолдағандардың бірі ауыл азаматы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М.Насиханов жаңа орынның тұтынушысы болып үлгергендігін, мұндағы қызмет сапасының да жаман емес екендігін атап өтті. Осындай халыққа қажетті орталықтардың көп болуы олардың арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, іскерлік қабілеттерін шыңдай түсері анық. Тағы бір байқағанымыз, бұл орын сол көшедегі жалғыз нысан емес.
Таяқ тастам жерде қызметі жолға қойылған шаштараз ғимараты тұр. "Кім тұтынушы көңілін тауып, қажетті қызметті уақытында, сапалы атқарса, табыс та соныкі" дейді тұрғындар. Оның үстіне бұл ауылға шаш қидырушылар басқа ауылдардан, тіпті, аудан орталығынан ағылады екен. Одан әрі шара ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Салтанатты жиынды сөз сөйлеп ашқан ауыл әкімі М.Өтеғалиев ауылдың кешегі тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Ауданның дамуына өз үлесін қосқан өмірден өтсе де, артында өнегелі ісі қалған аға ұрпақтың төккен тері мен тәуелсіздік жылдарында өңірдің өркендеуіне атсалысқан азаматтардың да аттарын атады. Еңбегімен еленген бір топ азаматқа марапаттар табыстады. Сондай-ақ, аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұханбеталиев, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ахметжановалар, Қамысқала ауылдық округінің әкімі Р Тә-жиденовалар ауыл тойына арнап, ақ тілектерін ақтарды. Жақында ғана Тұщықұдық ауылымен мәдени-рухани байланыс меморандумына қол қойған Махамбет ауданына қарасты Бақсай ауылдық округінің әкімі Қ.Мәжиев те ауыл ардагерлері, мәдениет саласының басшылары мен бір топ өнерпаздардан тұратын топты бас-тап келіпті. Өз кезегінде сөз алған ол өтіп жатқан шараға оң баға беріп, көпке ақжарма тілегін білдірді. Тұщықұдық ауылының әкіміне Тілек хаты мен естелік сыйлығын табыс етті. Таңдайлық өнерпаздар ала келген сазды сәлемдерін ортаға салса, тұщықұдықтық әншілер де әр жанрдағы әндер мен дәстүрлі өнер түрлерін көпке тарту етті.
Серікбол Панабердиев