Өзін қоныс қылған ел-жұртқа суықта – пана, ыстықта сая болған қасиетті құм Нарынның Шығыстағы қақпасы саналатын Қызыл үй - талай ұрпақтың тамыр жайып, еңбегін емген мекені.
Тарихтың бір парағында 1913 жылы патша әкімшілігінің өкімімен кәдімгі қызыл саз балшықтан құйылған тастан бекет салынып, сол уақыттан бастап Қызыл үй аталып келеді делінеді. Осы тұстан қайырғанда, оған да биыл 105 жыл толыпты. Өзін қоныс қылған ел-жұртқа суықта – пана, ыстықта сая болған қасиетті құм Нарынның Шығыстағы қақпасы саналатын Қызыл үй - талай ұрпақтың тамыр жайып, еңбегін емген мекені. Тарихтың бір парағында 1913 жылы патша әкімшілігінің өкімімен кәдімгі қызыл саз балшықтан құйылған тастан бекет салынып, сол уақыттан бастап Қызыл үй аталып келеді делінеді. Осы тұстан қайырғанда, оған да биыл 105 жыл толыпты. Содан берідегі уақыт көшіндегі Қызыл үй де елдегі өзгерістердің куәгері. 1957 жылы Чапаев атындағы совхоз құрылғанда ферма орталығына айналды. Осыннан Хатима Дайырова сынды үздік ферма меңгерушісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Батан Ыбыраев, орден-медальдар таққан Мұқси Досқалиев, Шәріп Сыдихов, Қабес Уахитов сынды ондаған еңбек майталмандары шықты. Нарықтық қатынастарға көшкен уақытта жиек пен құм өңірін қоныстанған елге ортақ орталық болды. Қазіргі уақытта Тұщықұдық ауылдық округі бойынша ресми тіркелген ондаған шаруа қожалықтарының дені осы Қызыл үй мен Айбас аумағына орналасқанын айта кету лазым. Өңірде ауыл шаруашылығын өркендетудегі ұрпақтар сабақтастығының сақталуы – мақтаныш. Осындағы ондаған шаруа қожалықтары өрісті малға толтырып отырғаны – сөзімізге дәлел. Көп тарихқа – желі, көп бастамаға – ортақ, көп іске ұйытқы болып, көп көңілде сағыныш та түзген Қызыл үйдің бүгіні де келісті өрнектеліп, ажары артып, базары көбейе түскені рас. Соның бір куәсі Рухани жаңғыру аясында, «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында Айбас және Қызыл үй елді мекендері тұрғындарының қатысуымен өткізілген «Менің ауылым» мәдени жобасы болды.
ЕСКЕРТКІШ ЕЛДІ ҚУАНТТЫ
Бұрынғыдай емес, қазір алыстан-ақ айшықты көрінетін болған Қызыл үйді өткен жұма күні бетке алған көлікте есеп жоқ еді. Бәрінің тізгін тартып жатқан тұсы – арнайы сахна құрылып, жеті киіз үй тігіліп, жәрмеңкесі енді-енді ғана қыза түскен елді мекеннің оңтүстік беткейіне ірге тепкен шара өтетін орын. Қаз-қатар қона қалған «Қызыл үй ауылы», «Майтөбе ауылы», «Айбас ауылы», «Тұщықұдық ауылдық округі», «Хатима Дайырова ауылы», «Досқалиевтар ауылы» және «Молшағыл ауылы» аталған көлемді-көлемді киіз үйлердің алдындағы қарбалас тірлік, сахнаның соңғы әзірлігін тиянақтап жатқан жігіттердің қимылы мұндағы шараның әне-міне басталып кетпегін бағамдатқандай болса, сахна мен оған таяу жерлердегі көрнекіліктер де мән-мазмұнын меңзеп-ақ тұрған-дай-ды. Алғашқы рәсім ауылды жанай өтіп, анау Айбасты маңдайға ала жосылып жатқан айдау жолға таяу орнатылған ескерткіш белгінің ашылуы болды. Білгеніміздей, бұл белгіні қоюшылар – осыдан 55 жыл бұрын Қызыл үйдегі Қызыл төбе баста-уыш мектебінің бірінші сыныбына барғандар екен. -Елдің тарихын насихаттау үшін, қазіргідей жаңғырған заманда елге азаматтарды тарту үшін ауылдастар болып бастама көтерген болатынбыз. Соның нәтижесі ретінде «Менің ауылым» мәдени жобасы бастау алып жатыр,-деді бүгінгі мерекенің мақсатынан көпті тағы бір құлағдар етіп, қош келдіңізін айтқан Тұщықұдық ауылдық округі әкімі Мәди Өтеғалиев. Сөз тізгінін алдымен ұстаған белгіні орнатушы түлектер өкілі Айғали Аққалиев болды: – Ардақты ағайын, 1963 жылы Қызыл төбе бастауыш мектебінің бірінші класына барған оқушылары қазір ата мен әже болған жандар. Сол жігіттердің, қыздардың ұйымшылдығымен, қол ұшын беріп, қолдаған азаматтардың арқасында белгіні орнаттық, қош келдіңіздер,-деді ол. -Елбасының туған жерге туың тік деген бастамасын іске асыруға арналған істің нағыз бір көрінісі осы деп білемін. Мен де үш шақырылым қатарынан, 15 жылға таяу, осы өңірдің депутаты болдым. Мектеп салу, газ, су тарту мәселелері сол кезде қойыл-ғанымен жаңа-жаңа іске асырылып жатыр,-деген ауданның Құрметті азаматы Жұмажан Қадимов бұл шараның сол уақытта Чапаев атындағы совхозды басқарған Жанай Беркалиевтің қолдауымен осында бастауыш мектеп ірге көтерген 1985 жылғы үлкен жиыннан кейінгі 30-35 жылда өтіп жатқан той екенін айта кетті. Аудан әкімі Марат Мурзиев пен түлектер өкілі Мұханбет Сыехов керме лентасын қиысымен елді қуантқан ескерткіш белгі жұрт назарында жарқ ете қалып, жиналғандар дуылдата шапалақ ұрды, әжелер шашу шашты.
АУЫЛҒА АУЫЗ СУ КЕЛДІ
Қуаныштың үлкені, әкімі бар, қарасы бар, үлкені бар, баласы бар жиналған баршаның, соның ішінде қызыл үйліктердің жүзіндегі шаттықты әрлендіре, нәрлендіре жеткендей болған сәт мемлекеттік «Ақ-бұлақ» бағдарламасы арқылы жүзеге асып отырған іс - елді мекенге су тарту қондырғысы мен ауылішілік су желісі құрылысының пайдалануға берілуі еді. Бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болысқан көпшілікке алдымен аудан әкімі сөзін арнады. Қос елді мекен тұрғындары мен қонақтарды бас-талған Ораза айымен құттықтаған аудан басшысы қасиетті айдың бастауында өтіп жатқан Елбасының бағдарламалық мақаласы аясындағы шараға оң бағасын бере кетті. -Қазіргі кезде Елбасының саясаты арқасында әрбір ауылға үлкен-үлкен қолдау болып жатыр. Соның ішінде осы Қызыл үй елді мекеніне таза ауыз су құбыры жеткізіліп, пайдалануға берілгелі отыр. Сонымен бірге тағы бір үлкен мәселе – табиғи газ жеткізу мәселесі, ол да қазір шешімін тауып жатыр, жобалау-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Амандық болса, құжаттарын жасақтауды биыл бітірсек, келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастаймыз деген үміттеміз. Жалпы Қызыл үй мен Жасқайрат елді мекендерін газдандыру – облыстағы инвестициялық жобалар қатарына еніп тұрған жұмыстар,-деді Марат Бисенғалиұлы. Аудан басшысы Қызыл үй негізгі мектебінің 2-3 жыл бұрын құрылыс жұмыстары басталған жаңа типтегі қос қабатты ғимаратының жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде екенін, ауылдардың әлеуметтік жағдайларын жақсарта түсу бағытындағы мұндай жұмыстар аудандағы жеті ауылдық округ бойынша жүріп, бір жерде жол, бір жерде балабақша үйлері салынып жатқанын қаперге бере келіп, «осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады» деп түйіндеді. Сөз алған қоғам қайраткері, Атырау облысы мен Исатай ауданының Құрметті азаматы Нұржиян Абдолова да жиналғандарды осынау үлкен қуаныштарымен құттықтап, Елбасының бағдарламалық мақаласын жергілікті жерде осылайша жүзеге асырып жатқан ауыл, аудан басшыларына, осы істің басы-қасында жүрген басқа да азаматтарға шын риза болып, қатты қуанып тұрғанын толқи жеткізді. Есімі Қызыл үймен тығыз байланысты, 25 жыл ат үстінде жүріп азаматтардан артық болмаса кем іс қылмаған Хатима Дайырқызы, Чапаев атындағы сов-хозды басқарған кезінде осы елді мекенге үлкен жанашырлық іс қыл-ған Жанай Беркәліұлы туралы есте қалғандарды қысқаша өрбіте өткен ол:- Бұйыртса газ келеді делініп жатыр, ауыз су келіп тұр. Ауыл жақсы, қаладан артықшылығы, мұндағы ауа өте таза. Сондықтан, болашақта халық көп қоныстанады деп ойлаймын,-деді. Қызыл үйліктер атынан тілек қосқан белгілі малбегі, еңбек ардагері Тілекқабыл Симатов та жасалынып жатқан жұмысқа, ауылға көрсетіліп отырған қолдауға ризашылығын жеткізіп, ауылдастары атынан ал-ғысын білдірген рәсім соңында Марат Бисенғалиұлы мен Нұржиян Абдолқызы керме лентаны қиып, аудан әкімі мен Тілекқабыл Симат-ұлының ауыз су кранын ашқанының да, әжелердің шашуларын шашқанының да, ауыл тұрғыны Амангелді Қалаубайұлының шаңырағында таза ауыз судың шүмектен аққанының да куәсі болдық.
«БӘЙГЕ ТӨБЕДЕГІ» БӘСЕКЕ
Ауылдан қозы көш жердегі «Бәйге төбе» басына халық көп жиналды. Алдымен жарыс жолына жаяу жарысушылар шықты. Желаяқтарға бұл жорықта бұйырғаны үш шақырымдық қашықтық. Шақырайған күн астындағы шаңдақ жолда сыр бермей жүгіріп өту де оңай емес-ті. Сөйтіп, тәуекелдің таралғысын шірене тартқан 14 желаяқ әп дегенде топтаса кеткен, бірте-бірте қатарлары сейіле берді. Нәтижесінде мәре сызығын алғашқы болып Қилымов Дінмұхаммед, екінші болып Әділжанов Бейбарыс кесіп өтсе, үшінші болып Бейсенов Айбол келді. Алғашқы үш орынға тиісінше 15, 10, 5 мың теңгеден тігілген байрақтары берілсе, төртінші, бесінші, алтыншы орын иегерлерінің әрбірі демеушілер тіккен байрақтан 5 мың теңгеден олжалады. Енді бір кезекте үш шақырымдық жарыс жолына Нұреденов Мүсілімнің Қоңыр атаны мен Әбілхайыров Есболаттың Сары атаны шыққан. Шаруаның ауырына жексе де, шыжыған ыстықта таңдайы кепсе де қыңқ демейтін жануарлар шаңы бұрқыраған жарыс жолын әп-сәтте айналып келе қалды. Бас жүлде Сары атанның қанжығасында кетті, Қоңыр атан екінші жүлдені қанағат етті (демеушісі Махамбет атындағы республикалық сыйлықтың иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы, Нарын құмында туған ақын Нұралы Әжіғалиевтың отбасы атынан ұлы Алдияр). Ендігі кезекте көптің ентелей күткені ат бәйгесі еді. Жеті айналыстан тұратын 21 шақырымдық жарыс жолына тек қана тұщықұдықтық жүйріктер қосылды, талап солай. Сөйтіп, бәйге алаңына осы қалайы жоқ он үш ат сап түзеп, ауыздықпен алыса жарыс жолына да шықты. Бірінші, екінші айналымдарда бір-бірінен қара үзе қоймаған жүйріктер үшінші айналымды түдек-түйдек бөліне тамамдап, мәре сызығын бірінші, екінші, үшінші болып Қуанышқалиев Сәбиттің 5 нөмірлі 4 жасар Қызыл аты, Есмағанбетов Мархаметтің 9 нөмірлі 8 жасар Жирен қасқасы, Арынғазин Ғалымжанның 2 нөмірлі 12 жасар Құла қасқасы кессе, оларға құйрық тістесе Құрасов Саламаттың 10 нөмірлі 3 жасар Айкөркемі мен Сидеғалиев Төремұраттың 4 нөмірлі 5 жасар Көк аты өте шыққан. Төртінші айналыс аяқталғанда әлгі бесеудің ішінен Құла қасқа көрінбеді де, оның орнын басқан Атолов Сәндібектің17 нөмірлі 7 жасар Торы төбелі көптің көз алдынан төртінші болып өтті. Жиналғандар асыға күткен жетінші айналысты соңғы топтан суырылып шығып, бесінші айналыста алғашқы бестікке екінші болып енген Аққуатов Меңдіқұлдың 19 нөмірлі 5 жасар Қараторы аты алғашқы болып аяқтап, бірінші орынды иеленді (1-орын демеушісі - Атырау облысының, Исатай, Индер, Құрманғазы, Махамбет аудандарының Құрметті азаматы, Чапаев атындағы совхоздың 7 жыл директоры болған Жанай Беркалиевтің және «Руслан» шаруа қожалығының атынан Беркалиев Жасұлан). Екінші орын 10 нөмірлі Айкөркемге (2-орын демеушісі – 1973-1982 жылдары Чапаев атындағы совхоз директоры болған Идеят Оспановтың атынан Оспанов Еркебұлан), үшінші орын бесінші айналыста бестікке ілінген тағы бір жүйрік Нұреденов Мүсілімнің 15 нөмірлі 10 жасар Қаракүрең атына бұйырды (3-орын демеушісі – «Жұмағалиев Қуанышкерей» шаруа қожалығы атынан Жұмағалиев Қуанышкерей). Төртінші орынға 17 нөмірлі Торы төбел, ал бесінші орынға 9 нөмірлі Жирен қасқа келді (4,5-орындар демеушілері – Социалистік Еңбек Ері Қапизолла Каримовтың ұрпақтары атынан Каримов Нұртай мен Қапизолла Ертілес).
ТҮЙІН
Уақыт түске еңкейген шақта ауыл мерекесі «Қызыл үй – құтты мекенім» аталынған салтанатты шараға ұласты. Оның барысында жинал-ғандарды аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы құттықтап, еңбек ардагерлерінің бір тобына Алғыс хатын ұсынды. Бір топ ауыл ардагерлері мен шаруагерлер «Ауыл еңбегі үшін» медалін иеленді. Құтықтау лебізін жолдаған облыс-тық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы бастығының орынбасары Қайролла Базарбаев шаруа қожалықтары басшыларының бір тобына басқарманың Алғыс хатын табыстады. Аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев те жинал-ғандарды мерекемен құттықтап, бір топ еңбек ардагерлеріне аудандық мәслихаттың Алғыс хатын тапсырды. Жалпы салтанат барысында құттықтаушылар қатары аз болмады, құттықтау лебіздері де көп жолданды. Мектеп оқушылары мерекелік сәлемдерін жолдаған шарада ауылдық округ әкімі Мәди Өтеғалиев баяндама жасады, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-рухани өміріне белсене араласқан бір топ азаматты Алғыс хатымен марапаттады. Есімі елге белгілі малбегілердің жолын жалғаған ұрпақтарына да Құрмет хаттары берілді. Арқан тартыс, кір тасын көтеру, қазақ күресі, түйе палуандар белдесуі, қой көтеру сияқты ұлттық-спорттық ойындар да қабаттаса жүріп, жеңімпаздары марапаттал-ған, ат бәйгесі мен атан жарысы жеңімпаздары да сахна төрінде ұлығыланған шара соңы көркемөнерпаздар концертімен қорытындыланды.
Жоламан Дәулетияр