Қадірменді Исатай ауданының тұрғындары! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Егеменді еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық жетістіктері мен айтулы жұмыстары Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты екені сөзсіз.
28 жылдың ішінде тәуелсіз еліміз өзінің елордасын салды, төл теңгеміз нығайды, қарулы күштеріміз күшейді, экономикамыз өсті, сыртқы саясатымыз қалыптасты, ішкі тұрақтылық пен келісім жүзеге асты, сол арқылы бізді бүкіл әлем таныды. Бәріміздің ортақ Отанымыз – Қазақ елі осылайша тәуелсіздігін бекемдеп Алаш арыстары арман еткен қазақы дүниеміз бен ұлттық мұраларды дамытты, сөйтіп, ең дамыған 30 елдің қатарына енуге аяқ басты.
Осы жылдар ішінде облысымыздағы өндірісті өңірдің бірі Исатай ауданы да жарқын белестерге көтеріліп, даму жолына түсті. Ауылдық округтердің барлығына да көгілдір отын, таза ауыз су, жол, жарық, бір сөзбен айтқанда, адам өміріне қажетті инженерлік инфрақұрылымдар тартылды.
Аудан халқы да жылдан-жылға көбейіп келеді. Халықтың экономикалық белсенділігі артып, жеке кәсіпкерлік дамуда. Қадірлі жерлестеріміз Ф.Оңғарсынова, Н.Әжіғалиевтың 80 жылдығының аталып өтуі, батыр бабамыз Исатай Тайманұлының еңселі ескерткішінің бой көтеруі бейбітшіліктің, рухани келісімнің, тыныштық пен баянды тіршіліктің арқасы деп білемін. Мінеки, жерлестер, осындай айтулы істердің барлық идеялық арман-мұраты, мақсаты жүзеге асуы - Елбасымыздың арқасы.
Біздің алдымызда тұрған ең басты мақсат – мемлекетімізді одан әрі нығайту, Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету. Осы биік мақсат жолында Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті салған сара жолмен бірге биіктерді бағындыра беретінімізге сенімдіміз. Мереке құтты болсын!
Құрметпен:
Исатай ауданының әкімі Марат МУРЗИЕВ