Бүгін Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен халық батыры И.Тайманұлының 230 жылдығына арналған аламан бәйге өтті.
Дүбірлі доданы Тұщықұдық ауылдық округі әкімдігі мен «Атырау атбегілері» қауымдастығы және ауыл белсенділері ұйымдастырды. Оған жергілікті аттармен қатар, Атырау қаласынан және көршілес Махамбет, Құрманғазы аудандарынан да шашасына шаң жұқпайтын 40-қа жуық жүйрік қатысып, аламан бәйгенің көрігін қыздырды.
«Атырау – Астрахан» тасжолының жиегінде өткен ат бәйгесіне ауа райы тұманды болса да, халық көп жиналды.
Киіз үйлер тігіліп, безендірілген сахнада күмбірлете күй төгіліп, әуелете әсем ән шырқалды. Сағат 10.00 шамасында ұлттық спорттық ойындар басталып кетті.
Алдымен аудан әкімі Полымбет Хасанов сөз сөйледі.
– Құрметті қонақтар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен халық батыры И.Тайманұлының 230 жылдығына арналып өткелі тұрған ашық ат бәйгесіне қош келдіңіздер. Ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүрімізге қолдау білдіріп жатқан исатайлық ағайындар мен ат бәйгесін ұйымдастырушы азаматтарға көп-көп рақметімді айтамын. Және ауданымызда өтетін ат бәйгесіне біздің жіберген шақыруымызды қабыл алып, Батыс Қазақстан облысынан, сондай-ақ басқа да аудандардан келген қонақтарға ризашылығымды білдіремін. Ендеше, жүйріктерге сәттілік тілеймін,-деді.
Бұдан кейін жүргізуші тайжарыс басталғанын хабарлап еді жиналған жұртшылық қиқуға салып, мәре сызығында тұрған жүйріктер шаңдата жөнелді. Үш шақырымдық жарысқа он тай қатысты. Көзді ашып жұмғанша бәйгеге қосқан аттардың алды көріне бастады. Нұржан Хасановтың иелігіндегі исатайлық «Найза» атты жирен қасқа мәре сызығын бірінші болып кессе, екінші болып атыраулық Ерік Дүйсекеннің «Мамай қарасы», үшінші болып индерлік Бекнұр Қанатайдың «Нарқасқасы» келді.
Бәйге асыл тұқымды тайлар жарысына жалғасты. Бұларда тұяқтарынан шаң боратып, көз ілеспес жылдамдықпен екі айналысты әп-сәтте аяқтады. Мұнда Ерік Дүйсекеннің торы қасқасы бәйгенің алдын бермесе, екіншіге атыраулық «Құлагер» шаруа қожалығының «Көгершіні», үшіншіге Нұрхат Бауыржановтың торысы үзеңгілесе жетті.
Ал, құнан бәйге жарысына тоғыз ат қосылды. Бірінен-бірі озып, біразға дейін сыр бермеген құнандар мәре сызығына жақындағанда азая бастады. Он екі шақырымды төрт айналымда бітірген құнан аттар мәреге бірте-бірте келе бастады.
Бұл жолы да атыраулық аттардың бағы жанды. Алдымен «Құлагер» шаруа қожалығының «Жебесі» мәре сызығын кесіп өтсе, екінші-үшінші болып исатайлық «Мажанов» шаруа қожалығының «Қырғыз» атты жүйрігі мен жылыойлық Оразов Ардақтың иелігіндегі «Елік» атты құнаны тістесе жетті.
Жарыстың ең қызығы 24 шақырымдық аламан бәйге болды. Ат десе делебесі қозатын ағайындар аттар көрінгенде жер-жерден айқайлап жатты. Кіл жүйріктер сыналатын жарыста бәйгеге қосылған шабандоздарда намысты қолдан бермеуге тырысып бақты.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, сегіз айналысқа жіберілген тұлпарлардың кейбіреулері жарыс жолынан шығып қалды. Бірақ «бәйгеде тек жүйріктер озады» дегендей, қас-қағым сәтте жүйріктердің алды суырылып шығып, келе бастады. Аламан бәйгеде мәре сызығын алғаш кесіп өткен Орынбасаров Еркіннің «Көкжиегі», одан кейін «Құлагер» шаруа қожалығының «Қараторғай» аты желдей ұшып жетсе, үшінші орын құрманғазылық Ерсайын Қасимовтің иелігіндегі «Тасқынына» бұйырды.
Сондай-ақ, бүгінгі дүбірлі доданың көрігін қыздырған түйе палуандардың күресі еді. Жергілікті палуандармен қатар, Атырау қаласынан, Қызылқоға ауданынан барлығы он палуан бақ сынап, сайыс өте қызықты өтті. Нәтижесінде Арман Қалиев пен Сұңғат Закарияев ақтық сынға шығып, атыраулық Арман Қалиев жеңіске жетіп, түйе палуан атанды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, қаржылай сыйлықтар және жылқы малы мен мотоциклдер табысталды.
Аяпберген САЛИХОВ