«Уақыт талабымен үндесу - міндет»

Исатай ауданы денсаулық сақтау саласының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?

Медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында аудандық аурухананың директоры Жасұлан Жұмағұловпен сұхбаттасып, осы және өзге жайттарға орай сұхбаттасқан едік.

- Ауданның денсаулық сақтау саласында қазіргі таңда қанша адам еңбектеніп келеді? Жалпы, дәрігер мамандармен толық қамтамасыз етіліп отырмыз ба?

- Аудан бойынша денсаулық сақтау мекемелерінде 219 маман жұмыс жасайды. Олардың 32-сі жоғары білімді дәрігерлер, 187-сі орта буын медицина қызметкерлері, яғни фельдшер, акушерка, медбикелер. Аудан халқына толықтай медициналық қызмет көрсетуде 7 жоғары білімді дәрігер мамандары жетіспейді. Оларды атап айтатын болсақ, терапевт, рентгенолог, инфекционист, жалпы практикалық дәрігері. Осы бір олқы тұсымызды толтыру үшін аудан басшылығымен бірлескен тұрғыдағы ортақ жұмыстар жүріп жатыр. Ал, орта буын медицина қызметкерлерімен жүз пайыз қамтылғанбыз.

- Қазіргі қызмет уақыт талабымен бірдей жүріп келе жатыр ма? Қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтылу жайы нешік, олар жеткілікті жұмыс жасап тұр ма?

-Медициналық қызметте кей жағдайларда уақыт талабына сай келмей қалатын жағдайлар барын жасырмаймын. Себебі, жоғарыда аталғандай, керекті дәрігер мамандармен толықтай қамтылмағандықтан, науқастарды облыстағы медициналық мекемелерге тасымалдаймыз. Әсіресе жүкті аналар, хирургиялық сырқаттарға келгенде солай болып отыр. Алайда, уақыт талабымен үндесу – міндет.

Қазір заманауи қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылғанбыз деуге болады. Олардың бәрін де науқас жандардың қажеттілігіне байланысты пайдаланып жатырмыз. Күні бүгін медициналық автокөліктерге облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұраныс берілді. Сұраныс жыл соңына дейін қанағаттандырылады деп есептеп отырған жайымыз.

- Мерекелі сәтте «Дәрігер мамандығының ерекшелігі неде?» деген де сауал ойға келіп отыр.

- Медицина - жауапкершілігі мол, жүгі ауыр саланың бірі. Біліктілікті, оның үстіне аса шыдамдылықты талап ететін болғандықтан да осынау жауапты мамандықты игеру оңай емес.

Дәрігер деген ең ұлы әрі қастерлі мамандық. Қазақша айтқанда, басы ауырып, балтыры сыздағандар дәрігердің көмегіне мұқтаж болып, сенім артып, өз денсаулықтарын олардың қолына тапсырады. Сондықтан, дәрігер мамандығын таңдаған әр адам білімді, шыдамды, адал, мейірімді, емімен қатар сөзімен де емдейтін көркем мінезді жан болуы шарт. Жұмыс барысында үнемі тәжірибесін, білімін жетілдіріп, ем жүргізудің барлық тәсілдерін меңгере түсу қажеттілігі де осы мамандық иелеріне қойылар талап.

- Еңбек ардагерлерінің тәлімі жас әріптестер үшін салиқалы сабақ. Сіздерде қанша ардагер бар, олар бүгінгі ұжыммен араласып, жастарға ақыл-кеңес қосып тұра ма?

- Әрине, ардагерлердің тәлімі еңбек жолын жаңа бастаған дәрігер мамандарға өте қажет деп есептеймін. Өзім де жас маманның бірімін. Қазіргі уақытта еңбек өтілдері 40 жылдан асқан 8 ардагер жастармен бірге жұмысты ұйымдастырып, тәлімгерлік іс қылуда. Ардагерлерімізге өте ризамыз.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бірлескен еңбегімізге табыс, отбасыларына амандық, береке-бірлік тілеймін. Көздері қырағы, жүректері жылылыққа толы, қолдары шипалы болғай! 

Сұхбаттасқан Берікбол ҚОНАРОВ

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521