Ямен мен Қалампыр – ерлі-зайыпты пошташылар

Аққыстаулық ерлі-зайыпты Ямен Алшанов пен Қалампыр Мұхзаруова - аудандық пошта байланысы торабында пошташы болып қызмет етеді.

Қазір халықты түрлі жаңалықтардан, әр саладағы өмір өзгерістерінен хабардар етіп отыру да жауапкершілігі мол іс деп пайымдаймын. Баспа бояуының иісі кете қоймаған жап-жаңа басылымдарды ауылдастарға дер кезінде жеткізуге бар ынталарын салып жүрген олар - нағыз істің адамдары. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін пошта тасымалында қызмет қылу кім-кімге де оңайға соқпасы анық. Осы тұрғыдан алғанда жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығында өз міндеттерін адал атқарып жүрген Ямен мен Қалампыр - қандай мақтауға да лайық жандар.

Бірі аудан орталығының Қаратүбек, бірі Сельхозтехника және АТП мөлтекаудандарына газет-журнал мен хаттар жеткізетін олардың бұл жұмыста жүргендеріне бір жылдың жүзі енді болғанымен, ауылдастарға танылып үлгерді, солардың арқасында ел жаңалықтары мен маңызды ақпараттарды уақтылы алып тұратын болдық.

Отбасында үш перзент тәрбиелеп, ризығын адал еңбектен тауып жүрген оларға айтар алғысымыз мол. «Бейнетің қатты болса, татқаның тәтті болар» деген, еңбектің жемісін теріп, мерейлерің арта жүрсін.

Қайрат ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Аққыстау ауылы

Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT