Өткен аптада аудандық «Жалын» мәдениет үйінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне арналған «Өнерім-мерейім» атты салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шараны сөз сөйлеп ашқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Абежан сала ардагерлері мен мәдениет қызметкерлерін мерекемен құттықтады. – Қазіргі уақытта еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалына ғана емес, сонымен бірге мәдениет пен өнер саласының дамуына да үлкен мән берілуде. Елбасымыздың жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында еліміздің мәдени құндылықтарының рөлі, оларды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде алдымызға көптеген міндеттер мен мақсаттар қойылғаны белгілі, - деген аудан әкімінің орынбасары өңірдегі мәдениет саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың да көңіл қуантатынын атап өтті. – Бұрынғыдай емес, қазіргі уақытта бұл салаға да материалдық-техникалық жағдайлардың барлығы дерлік жасалуда. Енді сіздерден тек үлкен жетістіктер мен нәтижелі жұмыстар күтеміз, - деп сөзін аяқтаған ол аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкері М.Төлеуішова мен аудандық «Жалын» мәдениет үйінің есепшісі Ж.Қосамановаға аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды.
Келесі құттықтау сөз кезегін алған аудандық мәслихат аппаратының басшысы Ж.Маштахов та сала қызметкерлерінің елеулі еңбегін айрықша атап, Забурын ауылдық клубының көркемдік жетекшісі С.Қарабалинаны аудандық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады. Кеш басқа да ізгі тілектермен жалғасын тапты. Әріптестеріне ақжарма тілегін ақтарған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М.Насиханов бір топ қызметкерге облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының, «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының Алғыс хаттарын табыстады. Шарада кештің құрметті қонақтары - сала ардагерлеріне гүл шоқтары ұсынылды. Ән әуелеп, күй шалқыды. Аудан мәдениетінің дамуына ауқымды үлес қосып жүрген аққыс-таулық өнерпаз, күні бүгін «Айгөлек» вокалды-аспаптар ансамбліне жетекшілік етіп жүрген К.Мәжитовтің жақында ғана Атырау қаласында өткен ауқымды шарада облыс әкімінің қолынан Алғыс хат алғанын да әріптестер қуана атап жатты.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ
Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ