Жанбайда Жұмекеннің жиендері тұрады

Жанбай ауылында Әнұран авторларының бірі, қазақтың аяулы ақыны, әйгілі Жұмекен Нәжімеденовтің туған жиендері тұратынын көбі біле бермейді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері күні қарсаңында ақынның бұған дейін еш жерде айтылмаған туыстарымен жақынырақ таныспақ болып Жанбай ауылына бет түзедік.

Ақынның жиендерін арнайы іздеп барып, сұхбат жүргізуге бастамашы болған аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Венера Мұхитова мен «Атырау» арнасының тілші-операторы Ержан Шеруеновке біз де ілесе кеттік. Өйткені, бұндай сұхбаттың сәті күнде түсе бермейді әрі бұл әңгімеміздің Рәміздер күні қарсаңында талғампаз оқырман үшін таптырмас тарту болатынан сендік.

06oz

Біз ат басын тіреген үй – Қадырбек Сабыреденұлының шаңырағы. Қанындағы қазақы қасиет жүзінен шуақ боп төгілген көкеміз қызметпен жүрген бізді бейне бір құда күткендей құрметпен қарсылады. Қонақ бөлмеге ендік. Көзіміз бірден төрдегі ақ шәлі жамылған ананың суретіне түсті. Жұмекеннің қарындасы, Қадырбек ағамыздың анасы осы кісі шығар деп топшыладық. Қателеспеппіз. Шағын үстелдің үстінде ақынның жыр жинақтары жатыр. Одан да бөлек назарымыз үлкейтіліп өңделген үш суретке ауды. Оның біреуі – Жұмекен Нәжімеденов. Қалған екеуі кім болды екен? Соңымыздан ере кірген үй иесі біздің сұрағымызды айтқызбай-ақ байқап, әңгімесін бастап кетті.

06aje

- Бұлардың екеуінің де аттары – Сабыреден. Біреуі - анам мен Жұмекеннің әкесі. Көбі Сабыр деп атап кеткенімен ол кісінің шын есімі Сабыреден екен. Екіншісі – менің әкем. Сірә, анам әкемізге әкесімен аттас болған соң да қызыққан шығар, - деп бұндай сәйкестікке таңырқап тұрған бізді бір күлдіріп алды.

06ana

- Жұмекен нағашымыз үш ағайынды болған. Екі қарындасының біреуі біздің анамыз – Сәбила. Жұмекен мектебін бітірген соң Алматы қаласындағы консерваторияға оқуға кетеді. Оқып жүріп қосымша Қарағанды қаласында шахтада жұмыс жасайды. Кейін жағдайына байланысты жұмысынан да, оқуынан да шығып, біржола шығармашылығына ден қойыпты, - деді ақынның өмір жолына шегініс жасаған Қадекең. Жұмекеннің ақындығынан бөлек күйшілік қырын да сөз қылған жиені: «Оның басқа қаламгерлерден ерекшелігі - күй құдіретін жанымен сезініп орындап қана қоймай, оларды өлең қылып сөйлетуінде» дейді.

06ma

Бір кездері қазақ жастарының ұраны болған «Менің Қазақстаным» әнінің Тәуелсіз мемлекетіміздің Әнұранына айналуы ақынның атын әйгілей түсті. Әр туындысы терең түсінікті талап ететін Жұмекеннің жүрек үні тұтас қазақ елінің арман-мұратын әспеттейтін шығармалардың шыңына айналғанда бар қазақ қуанды. Ал, ақынның туыстары Жұмекеннің енді ешқашан өлмейтіндігіне көз жеткізіп, оны қазақпен қайта және мәңгіге қауыштырған Аллаға мың шүкір айтысқаны рас.

06kitap

– Елдің Гимні ойналғанда тебіренбейтін кім бар дейсіз? Ал, оның авторларының бірі нағашыңыз болса ше? Жұмекен нағашымның сөзіне жазылған Әнұран шырқалғанда, өзім де, балаларым да бәрін тастай салып құлақ түреміз. Бұл - Әнұранға деген құрметіміз, нағашымызға деген ыстық сағынышымыз. Әсіресе, ойға батып, оңаша қалып тыңдаған сәттердегі жан тебіренісімді айтып жеткізе алмаймын, - деді көңілі босап, көзіне жас алған Қадырбек аға.

06int

- Жұмекен нағашымды бір-ақ рет көрдім, - дейді одан әрі өткенге ой жүгірткен ол. – Ол 1973 жыл болатын. Жанбай ауылына төрт-бес күнге қыдырып келіп кеткені есімізде. Ағайындар домбыра талғайтын нағашымызға ауылдан бір аспапты әрең тауып, күй ойнатты. Ағам екеумізге тұтас 100 сомдық ақша ұсынғаны да көз алдымда. «Екеуің тең қылып бөліп алыңдар, бірақ ортасынан жыртып алып жүрмеңдер» деген еді қалжыңдап, - дейді Қадырбек аға нағашысының жомарттығын да тілге тиек етіп. «Бұған дейін Жанбайда Жұмекеннің жиендері тұратынын көбінің білмей келгені қалай?» деген сауалымызға жауап берген көкеміз ол жайлы жария қылғылары келмегендіктерін айтады. – Анам Сәбила - қарапайым еңбек адамы. Әкем мақтау-мадақтау, қошемет көру дегенді жақтыра бермейтін жан еді, бізді де солай тәрбиелеген. Сол себепті де нағашымыздың атымен абырой жиып, елдің назарына түсуді қаламағанымыз рас,- дейді Қадырбек аға.

0

Жұмекеннің қасиеті жиендеріне дарыды ма? Төгілтіп жыр жазып, кәсіби деңгейде қалам тербеп жүрмегенімен, Қадекең де кей кезде көңіл түкпіріндегі ойларды төрт қатарға сыйғыза алатынын айтып қалды. Солардың бірінде нағашысы жайлы былай депті:

Қошалақтың қызыл құмында дүниеге кеп,

Алатаудың баурайында жырлаған.

«Тоқыраудың тентегі еді» деме сен,

Жұмбақ ақын – Сабырұлы Жұмекен.

«Бүгінде Жұмекен есімі тәуелсіз Қазақстанмен қатар айтылады. Жалпы елдің елдігін айғақтайтын нақыштары, рәміздері ғой. Соларға жас ұрпақ құрметпен қарауы тиіс деп ойлаймын. Және солай болып та келе жатыр. Туын, Әнұранын, Елтаңбасын сыйлау - сол елдің азаматына үлкен міндет. Ылайым сол құндылықтарымызды бағалап, барға шүкір етіп өмір сүру керек деп есептеймін» дейді біздің қай сұрағымызға да шын ықыласымен жауап беріп, ағынан жарылған ағамыз.

0

Қадекең - 12 баланың әкесі. Жары Жұлдыз - «Алтын алқалы» ана. «Төрт қызымды аяқтандырдым, қалғаны өсіп-өніп жатыр» дейді Аллаға шүкірін жаудырған ол. «Нағашымызды балаларға насихаттап келеміз. Дегенмен, Жұмекеннің жырларын бала түгіл кез келген үлкен адам оңай түсініп оқи алмайды. Оның терең мағыналы туындылары зерттеліп, талданып жатыр ғой» дейді Қадырбек аға сөз соңында. Сұхбатымыздың соңын Жұмекен ақынның жиеншары кішкентай Бекарыс Қадырбекұлының орындауындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен аяқтадық. Қолын кеуде тұсына қойып, «Туған жерім менің – Қазақстаным» деп жанары жалын атқан жас ұрпақтың Отанға деген кіршіксіз таза махаббаты жүрекке жылу ұялатты.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521