Жазғаны жорға түскен Жөкең еді

Ол бір бозала таңдай бозбала дәуреннен жалаулы жастықтың жасыл жағалауына енді аяқ басқан кездеріміз болатын. 1980 жылы орта мектепті бітірісіммен, қолға аттестат тиер-тиместе, «Нарын таңы» газеті редакциясынан бір-ақ шықтым.

Енді, бұрын сырттай танып-біліп, тек газет беттері арқылы емес, хаттап жіберген мақала-өлеңдеріме келген жауаптарынан да аты-жөндеріне әбден қанық болып алған Жұмабек Ахметов, Орынтай Исабаев, Сағи Бәбиев, Мәди Өтеғалиев, Жайнарбек Бержанов, Жоламан Әбішев сынды ағалармен қоян-қолтық қызмет қылатын корректормын. Ол уақытта солардың бәрі жазып-сызудың жілігін шағып, майын ішкен, жас шамалары да біразға келіп, редакцияның қара қазанында қайнап піскен жандар болып көрінетін маған. Сөйтсем, сол уақытта олардың ішіндегі «сақалдыларының» өзі елуіңді емін-еркін орталап тастаған қазіргі бізге қарағанда «бала» екен ғой.
Солардың арасынан өзіме жақын тұтқаным екі Жәкең – Жайнарбек пен Жоламан ағаларым болды. Мұның бір себебі, басқаларын тап бір аспаннан түскендей көріп, ол екеуін өзім сияқты ауылда өскен деп жақын тұтуымнан болса керек. Әрі үшеуміздің түсіміз өзгелеріндей аққұба не сарыға жата қоймайтын, өзім сүйіп оқитын Жұмекен ақынның сүйікті қоңырқайлау түсіне келетін, яғни, «светіміз» бір еді. Кейін Жайнарбек Бержанов тікелей бастығым (газеттің мәдениет бөлімі меңгерушісі) болып араласа түстік те, Жоламан Әбішев «жиен» деп жақын тартып тұратын болды. Қазір ойлап отырсам, қысқарта айтқанда, кейде түстікке де қастарынан тастамай ерте кететін екеуінен үйренгенім аз болған жоқ екен.Тіпті олардың бір-біріне деген ақ тілеулі арақатынастары да үлкен үлгі болғандай-ды. Тағдыр ғой, қайран Жоламан ағаны айналдырған ауру ақыры жап-жастай алып тынғаннан кейінгі бір еске алу мақаласында Жайнарбек аға ол жайында толғана жазды. «Біз «Нарын таңының» шаңырағында танысып едік. 1977 жылы Новобогат ауданының қайта құрылуымен аудандық газетті шығару қолға алынғанда еңбек жолымыз редакцияда тоғысып, таныстығымыз жолдастыққа, жолдастығымыз сырлас, қимас достыққа ұласқан...» деген еді.
Шындығы керек, Жоламан ағамен екеуміздің аттарымыз ғана емес, осы газет жұмысына келуіміз де ұқсас еді. Ол да баспасөзбен байланысын мектепте оқып жүрген кезінен-ақ бастаған. Мектептің 9-10 сыныптарында оқып жүргенінде аудан, ауыл, мектеп өмірі, әлеуметтік-тұрмыстық қамту саласындағы кейбір келеңсіз жайттар жөнінде жазған хабар-ошарлары «Лениншіл жас», «Коммунистік еңбек», «Малды өңір» газеттерінде, басқа да басылымдарда жиі жарияланып тұрған. Сол кездің өзінде сол басылым редакцияларындағы белгілі журналистермен хат арқылы байланысып, ақыл-кеңес алып тұрғанның себі болар, кейін аудандық газеттің хат, экономика бөлімдеріндегі жұмысын еш қиындықсыз алып кетулі.
Жазылмаған заң десе де болады, жазып-сызудың айналасында жүргендердің төрт ауыз өлең құрамайтындары некен-саяқ кездесетіні рас. Мен білетін «жазғыштардан» да, бірді-екілісі болмаса, дені өлеңнің өріне қол созған жандар-ды. Жоламан аға да өлең жазған, әсіресе, оқушы кезінде. Оларын жарияға бере қоймайтыны болмаса, папкілері сондай қолжазбалардан құр емесін байқап қалатынмын. Сол алғаш қызметтес болған кездеріміздегі қолы бостау сәттердің бірінде тілдей қағазға түсіре салған:
Інілердің бірісің арттан ерген
Жазып-сызып, өлеңге елеңдеген.
Жолы болсын деді ме апа-жездем
Жоламан деп саған да есім берген,-деп басталатын үш шумақ өлеңі қағаздарымның арасында жүретін, дәп керегінде таптыра қоймады.
Оның қаламы жүйрік еді. Сосын да болар, бір шығып келген іссапарынан жазылған бірнеше мақала, хабарларды төгіп-төгіп тастайтын. «Ж.Әбішев», «Ж.Романов», «Ж.Қармысов», «Ә.Жоламанов» деп қол қойған материалдары газеттерде жиі жарияланып жататұғын. Бірінде оның «Қазақстан әйелдері» журналында Хатима апай (Х.Дайырова) жайында жазылған көлемді дүниесін тұшына оқығаным есімде қалыпты. Ол өте қабілетті әріптес аға болды. Қабілеттілік дегеннен шығады, Жөкең аудандық баспаханаға да, коммуналдық шаруашылық мекемесіне де білікті басшы болған азамат еді.
Иә, қамшының сабындай дейтін өмір көші солай өтіп жатыпты-ау. Аудан соңғы рет қайта құрылып, «Нарын таңы» шығуын жалғастырған уақытта ауруы жанына батыңқырап жүрген Жоламан аға өзінің сүйікті кәсібіне қайта оралып, қалам тербеп көргісі келді ме, жоқ әлде көңілім бөлінер деді ме, редакцияға қызметке тұрғысы келді, редактор Шапхат аға Хұсынов та қош алды, алайда дерт дегенін болдырмады. Арада аз уақыт өткенде, сол тоқсан бірінші жылы, отыз алты жасқа енді толатын абзал азамат қыр басына аттанып кете барды...
Міне, оның да жастық жылдарының өшпес іздері қалған, ыстық көрер бір шаңырағы болған «Нарын таңының» алғаш жарық көргеніне биыл 65 жыл толды. Басылымның осынау белесті кезеңінде, мынау мерекелі сәтте газеттің сырлы соқпақтарында ізі қалған қадірлі әріптес аға хақында да қалам тартуды қате демедік.


Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521