«Зинеден ата» мешітінде айт намазы оқылды

Сәуір айының 2-сі күні «Зинеден ата» мешітінде айт намазы оқылды.

Отыз күн бойы ораза тұтып, тарауих намазын оқып, Құдайға құлшылық жасаған мұсылман қауым мешітке ертемен жиналды. Тілін кәлимаға келтіріп, жүзін құбылаға бұрып, сәждеге бас қоюға жиылған жұрттың қарасы қалың болды. Алланың разылығын іздеп, айт намазына келушілердің көптігін көргенде «қызыл империя» тұсында намазын тығылып оқып, құлшылығын жасырынып жасағанын ата-әжелерімізді еске алып, зәулім мешіттер тұрғызып, азан шақырып, намазыңды жария оқитын күнге жеткенімізге тәубе дейсің!

Бас имам Жеңіс Сисенбаевтың айтуынша, Ораза айт – отыз күн бойы көзді харамнан, құлақты өсектен, тілді ғайбаттан тыйып, елінің тыныштығы, отбасының амандығы үшін дұға қылып, Құдайға мінажат етіп, құран оқу, қайырымдылық жасау, садақа беру секілді жақсы амалдар жасаған адамдардың шүкіршілік ету мақсатында тойланатын мұсылманның мейрамы. Бұл күні мұсылмандар бір-бірін құттықтап, бір-біріне қонаққа барып, сый-сияпат жасап, мұқтаж жандарға көмектеседі.

Айт күні «Зинеден ата» мешітінде де қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, жағдайы төмен он бес отбасына азық-түлік таратылды. 

Сондай-ақ жуырда көптің көмегімен мешітке жөндеу жұмыстары жүргізілгені белгілі. Бас имам Жеңіс Сисенбаев құрылыс жұмыстарына атсалысып, қол көмегін аямаған азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.

Бұдан бөлек, мешіт алдындағы киіз үйде дастархан жайылып, айтқа келген ақсақалдарға құрмет көрсетілді және «Muftyat» баспасынан шыққан «Рамазанға қатысты 200 сұрақ» атты кітапша таратылды. Онда оразаға қатысты көптеген сауалдардың жауаптары бар. Кешкісін балаларды қуанту мақсатында тегін балмұздақ таратылды.

 

Нұрболат НҰҒМАН

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521