«Нарынның құрағы да ән салып тұрады ...»

Қазір есіме түсіре алмай отырмын, «Нарынның қияғы мен құрағы да сыңсып ән салып тұрғандай. Асылы осынау мекен әу бастан әуезді әнмен бірге жаратылған сияқты.

Онда туылғандардың арасында әуелете ән салатындары да көп. Тіпті, малшысына дейін маң далада мамырлата әнге басады...» деген тұрғыдағы пікірді бір жерден оқығаным бар-ды. Жақсы десе жан сүйінеді, сосын да болар, сол бір сөз тіркестері санада сақталып қалыпты. Бәлки, бірер сөзінен жаңылысқан болармын, нобайы - әлгіндей. Осы бір пікірдің жаңсақ еместігін дәлелдеп-ақ өткен жандар қанашама еді бұл өлкеде? «Өнер қонған өлке» атанған топырақтан талай таланттар шықты. Солардың бір бөлегінің бірі жыр жазды, бірі саз туғызды, бірі әуелете ән шырқады. Нәтижесінде, Нарын-Каспий арасының адамдары да, жер асты, жер үсті байлығы да, ерекше табиғаты да, жыл мезгілдері де әсем әуен, әсерлі сөзбен үйлесім тауып, үлкенді-кішілі сахналардың сәніне айналды десе болады. Ендігі өзекті жайт, қазіргідей рухани тұрғыдан жаңғырып жатқан тұста, оларды бүгінгі жас буынмен жалғастыра білу болмағы анық. Ал, ол үшін не істелінуі керек? Бұған бір жауапты өткен аптаның бейсенбісі күні аудан орталығындағы «Жалын» мәдениет үйінде өткен «Нарыным – таланттар мекені» атты ән байқауынан тапқандай болдық. Аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Жалын» мәдениет үйі қызметкерлері бірлесе ұйымдастырған бұл өнер сыны жергілікті ақын, сазгерлердің шығармаларын кеңінен тарату, жастарға авторлық әндерді насихаттауды мақсат тұтыпты. –Осы бір игілікті іске мұрындық болуға тырыстық, оның алдағы уақытта да жалғасын табуына тілеулеспіз, соған жұмыстанатын боламыз. Жергілікті жерлерде біздің бұл ісімізге қолдау танытып, өнерлі жастарымыз жерлес шығармашылық адамдарының түрлі тақырыптағы туындыларымен сахна төрінен табылуына мүмкіндік жасағандарына ризамыз,-деді бізге орталық басшысы әрі құрамында ауданның Құрметті азаматы Жұмажан Қадимов, Ш.Шәріпов атындағы аудандық саз мектебінің директоры Ербол Ақтан, белгілі әншілеріміз Альбина Мидар мен Әділбек Жұмашев бар әділқазылар алқасының төрағасы Ринат Есқалиев. Шараны ашу барысында ол тыңдарманға қош келдің айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521