Ажырасам дегенге араша тұрды

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында аудандық соттың судьясы Есбол Абдраманов «Отбасылық сот» пилоттық жобасының жүзеге асырылуын талқылау мақсатында аудандық прокуратура, полиция бөлімінің өкілдері, билер кеңесі, кәсіпқой емес медиаторлар және тиісті бөлім басшылары, психологтардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізді.

Алдымен судья Есбол Абдраманов өткен жылдан бастап, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот жүйесін одан әрі дамытудың 7 басым бағытын ұсынғанын айтып, оларға жеке-жеке тоқталып түсіндіріп өтті. Аталған 7 басым бағыттардың бірі «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасын іске асыру. Судьяның айтуынша, жоба бо-йынша жылдың басында аудандық билер кеңесі құрылған. Айталық, жыл басынан бері пилоттық жоба арқылы аудандық сотпен наурыз айында 3 азаматтық іс қаралып, 2 азаматтық іс бойынша ерлі-зайыптылар татуласуға әрекет жасайтындарын білдіріп, істі қысқартуды сұрап, медиациялық келісім жасағандықтан, өтініш бойынша олардың келісімін бекітіп, істерді тоқтатқан. 1 азаматтық іс бойынша тараптар соттан татуласу үшін мерзім беруге өтініш жасағандықтан, сот олардың өтініштерін ескеріп, 1 айға татуласуға мерзім берген. Сонымен қатар 4 әкімшілік іс бойынша жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуларына байланысты іс тоқтатылған.

Қоғамымызда неке, отбасылық қатынастардан туындайтын мәселелер күннен-күнге көбейіп жатқанын айтқан судьяның сөзіне, билер кеңесі пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдірді.

- Қазіргі кезде елімізде некеге отырған жастардың үштен бірі түрлі сылтау-себептермен ажырасып жатыр. Бұл ұлтымыздың әрі қарай өсіп-өнуіне кері әсерін тигізетіні айқын. Бұндай жағдайға жеткізбес үшін алдымен некеге отырар кезде жастарға отбасы құндылығы жайында сауалнамалық сұрақтар қойып, арнайы курстар мен әңгімелесулер өткізуі керек. Және бұл ұсыныс неке туралы заңға енгізілсе, жастардың болашағына үлкен әсер етеді деп ойлаймын, - дейді билер кеңесінің мүшесі Жұмажан Қадимов.

Сонымен қатар, бүгінде онлайн түрінде неке куәлігіне кез келген тұлға өтініш береді. Осы орайда билер кеңесінің мүшесі Ерболат Насимуллиннің пікірі де оң болды.

- Отбасылық тәрбие қоғамда да, мектепте де кенже қалып келеді. Билер кеңесінің көмегімен отбасы құндылықтары турасында жастар жұмыс жасауы тиіс. Өйткені, «заманауи» деген осы болар, бүгінде жастар компьютер, смартфонмен отырып-ақ, неке куәлігіне онлайн арқылы өтініш береді. Олардың әу бастан-ақ, осындай жеңіл әрі шапшаңшыл әрекеттерінен жауапкершілік төмендейді. Некесін бұзып жатқандардың арасында баланың тағдырын ойлап жатқандар жоқ. Сондықтан да некелесудің артында жауапкершілік, баланың тағдыры барын жастардың санасына сіңіру керек,- деді.

Жоғарыда айтылған ұсыныстардың, жұмыс тобының назарына берілетінін айтқан судья Есбол Абдраманов: «Отбасын сақтап қалу, отбасылық қатынастарды дұрыс жолға қою, тараптарды татуластыруға, осы бағытта жұмыс жасауға барлығыңызды атсалысуға шақырамын» деп қорытындылады сөзін.

Әйгерім ҚҰБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521