Балалар ойын алаңдарын жаңғырту қажет

Аудан орталығы Аққыстау ауылында балалардың ойын алаңдары ескірген.

Мәселен, тек бір «Мұнайшы» мөлтекауданының өзінде 10 үшқабатты үй бар. Егер әр подъезден шамамен оншақты бала шығып ойнайды десек, 20 подъезде 200-дей бала бар деген сөз. Бұл тек бір Мұнайшының өзінде ғана. Ал, одан бөлек көпқабатты үйлері бар мөлтекаудандарда бүгінде балалар ойын алаңдарының бәрі делік тозып, ескірген.

Көбісінің футбол алаңшасындағы жасыл төсем жұлым-жұлымы шығып, оны қоршаған торкөздердің өзі әр жерден бір қайырылып, түсі өңіп, әткеншектері қирап қалған. Кешкісін ойын қуалаған балалар амал жоқ, ойнайтын ермек таппағасын жақын маңдағы теміржол жаққа барып ойнап немесе жол бойына шығып велосипед тебуге құмар. Бұл - балалар өмірі үшін қауіпті екені сөзсіз.

Өткен жылдың соңында демеушілердің күшімен салынған жаңа балалар ойын алаңы «АТП» мөлтекауданынан салынып, пайдалануға берілген болатын. Несін айтасың, жаңаның аты жаңа ғой, керемет салынған екен. Бүлдіршіндерден бастап жасөспірімдерге дейін уақыт өткізуге арналған, барлық жағдай жасалған. Бүгінгі күні аудан орталығының әр жерінен осы алаңға барып, ойнайтындар көбейіп тұр. Әйтсе де ары кетсе 50-60 балаға ғана шақтап салынған алаң тарлық етуде.

Шүкір ғой, бүгінде аудан аумағында әрекет ететін кәсіпорындар баршылық. Осы компанияларды тарта отырып, тұрғындар көп шоғырланған аулаларда ескірген ойын алаңдарын жаңғыртса, ал, мүлдем алаңы жоқ жерлерде жаңадан салдырса, барша халықтың ақ батасын алар еді ғой жергілікті билік. Өйткені, қарапайым халық үшін балаларының бөтен жерге қаңғымай, көз алдында, өз ауласында ойнап, көңіл көтергені маңызды. Сондықтан, ел боламыз десек, үйде бесігімізді, ал, далада ойын алаңдарын түзегеніміз дұрыс сияқты.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521