Енді несие үшін алысқа барудың қажеті жоқ

Өткен аптада аудан елді мекендеріне кәсіпкерлікті кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы құрылған топ мүшелері аудан орталығында болып, жиналыс өткізді.

Ауылдық округтер әкімдері, дербес салалық бөлім, мекеме басшылары, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығының жетекшілері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы, «Исатай» несие серіктестігінің өкілдері, жаңадан кәсіп ашқысы келіп жүрген ауыл тұрғындарының қатысуымен жиналысты аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Абилхасимов ашып, жүргізіп отырды.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Нұргүл Шанаеваның айтуынша, қордың мақсаты ауыл шаруашылық өнім көлемін ұлғайту, 2019-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру, ауыл халқының қаржылық қызметтері мен ресурстарға қолжетімділігін арттыру. Сондай-ақ «Сыбаға» бағдарламасы қайта енгізіліп жатқанын, бұл бағдарлама бойынша импортталған асыл тұқымды ірі қара мал, отандық ұсақ мүйізді мал, техникалық жабдықтар сатып алуға 15 жылға жылдық үстемақысы субсидиямен есептегенде 4 пайызға дейін өсіммен 40 миллион теңгеге дейін несие берілмекші екен.

«Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Рахмет Жаңбыровтың айтуынша, Атырау облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолжетімді несиелерді алу үшін енді алысқа сабылудың қажеті жоқ. Бүгінгі таңда әр ауданда несие серіктестігі жұмыс істейді. Несие серіктестік жүйесі ауылдағы кіші және орта бизнесті несиелеудің ең қолжетімді әрі оңтайлы үлгісі. Мәселен, аудандағы «Исатай» несие серіктестігімен арадағы ынтымақтастық ауыл кәсіпкерлеріне үлкен пайдасын тигізуде. Бүгінгі таңда аудандағы несие серіктестігі ауыл тұрғындарына іс жүзінде қаржылай қолдау көрсететін жалғыз қаржы институты десе де болады.

Директордың орынбасарының айтуынша, несие серіктестіктері болашағы бар жобалардың жүзеге асуына түрткі болмақшы. Бұл өз кезегінде тек аймақтың ғана емес, бүкіл елдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына септігін тигізбекші. Ал, аудандық аумақтық инспекция басшысы Қайрат Әжіғалиев өсімдіктерді қорғау, өсімдіктер карантині жөніндегі және мал тұқымын асылдандыру бағытындағы 2019 жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Бұдан кейін қор өкілдері жиналысқа қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарды.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521