Жарайсың, Гүлайхан!

Жыл сайын Қазақстанның барлық жерлерінде мектепшілік, аудандық, облыстық көлемде пәндік олимпиадалар өткізу дәстүрге айналған. Осы бойынша мектебіміздің 11 сынып оқушысы Гүлайхан Нұрсұлтанова да "құқық негіздері" пәні бойынша өз бағын сынаған-ды. Барлық кезеңдерден оза шауып, білімділік пен жан-жақтылық танытқан оған республикалық сайыста облыс атағын қорғауды жүктеген болатын.

Дәлірек айтар болсақ, 25-30 наурыз күндері аралығында Қызылорда қаласында болып өткен республикалық додаға облыс намысын қорғауға 27 оқушы аттанған болатын. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, солардың арасында біздің мектептің белсенді оқушысы Гүлайхан Нұрсұлтанова да болды. Жарысқа қатысушылар алдымен Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кесенесінде, "Aray city mall" ойын-сауық орталығында, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханасында, Нартай Бекжанов атындағы мәдениет үйінде болып, облыс орталығы Қызылорда қаласының тарихи-мәдени жерлерімен танысқан.

Бірнеше күнге созылған жарыс нәтижесінде Гүлайхан 3-орынды қанжығасына байлап, мектебіміздің мәртебесін көтеріп тастады. Осы жерде Гүлайханды жарысқа дайындаған Лиза Хамидоллақызы мен Ғұбайдолла Жақсылықұлының қосқан үлесінің зор екенін де айта кеткенді жөн көрдік.

30 наурыз күні мектеп мұғалімдері, оқушылары Гүлайханды күтіп алды. 3 сәуір күні мектебімізде "Жас Ұлан" ұйымы жетекшілері "Гүлайхан - біздің мақтанышымыз" атауымен дөңгелек үстел аясында кездесу кеші өткізілді. Бұл шараға өзге де пәндік олимпиада жүлдегерлері, ұстаздар, "Жас Ұлан" ұйымының белсенді оқушылары және де Гүлайханның сыныптастары қатысты. Кездесу кеші 5-сынып оқушылары Гүлайханға дайындаған жыр-шумақтарымен ашылып, әрмен қарай сұхбатқа ұласты. Оқушылар, мұғалімдер сөз сөйлеп, Алғыс хат, сыйлықтар табыс етілді. Қорытындысында Гүлайхан өз атынан ұстаздарына, мектеп ұжымы мен басшылығына, сыныптас-тарына ризашылығын білдірді.

Бекзада АМАНКЕЛДІ,

Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің "Мектеп Life" журналының бас редакторы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521