Ғалимұхан «Исатай барысы» атанды

Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебі кешенінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Исатай барысы» аудандық іріктеу турнирі өтті.

Қазақ күресі – ұлттық салт-дәстүріміздің ажырамас бір бөлігі. Бүгінде спорттың бұл түрі кең етек жайып келеді. Ұлттық спортымызды ұлықтау, соның ішінде қазақ күресін насихаттау мақсатында өткен турнирде аудан бойынша тепсе темір үзетін палуандар бас қосты. Исатай аудандық қазақ күресі федерациясы мен аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған жарысқа Қамысқала, Тұщықұдық, Аққыстау ауылдық округтерінен жеті балуан қатысты. Салтанатты жарыс ашық деп жарияланған соң еліміздің Әнұраны ойналды. Жыл сайын ұйымдастырылып отырған бұл жарыстың ашылу салтанатына аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Мүтиғолла Насиханов және аудандық қазақ күресі федерациясы басшысы Асхат Жұмабеков қатысып, палуандарға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.

Жарыс барысында палуандарға арнайы мамандар төрелік жасап, әр кезеңде үздіктерді сұрыптап шығарды. Боз кілемде белдескен палуандарға сын-ескертпелер көп жасалды. Дегенмен, әділ өткен жарыста жекпе-жектің еш мінсіз өткендігіне риза болған көрермен қауым алғыстарын қошемет арқылы білдірді. Ақтық айқаста қос қабылан Аян Өмірбек пен Ғалимұхан Ғалымов белдесті. Бұл жекпе-жекте Ғалимұхан Ғалымов қарсыласын бір минөт, 10 секундта тізе бүктіріп, «Исатай барысы» атанды. Ал екінші күміс жүлдені Аян Өмірбек қанжығасына байласа, үшінші орынды Демеу Қыдыров ұтып, қола медальді қанағат тұтты. Жеңімпаз атанғандар арасынан бірінші, екінші орын алғандар облыстық жарысқа жолдама алды. Жарыс соңында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Мүтиғолла Насиханов жеңімпаздарға диплом, медаль және барыс белдігін табыстаса, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы кәсіподақ комитеті, «Болат-Д» ЖШС, ЖК Равиль Таңатаров ақшалай сыйлықтармен қолдау білдірді.

- Жыл өткен сайын ұлттық спорт түрі – қазақ күресі тек аудан көлемінде ғана емес, бүкіл әлемдік аренада танымалдығы артып келеді. Сондықтан да біздің ауданда спорттың бұл түрімен айналысатын жігіттер саны да көбейіп отыр. Ауданның қазақ күресі бөлімінің жаттықтырушылары Азамат Ілесов, Үмбет Мұсағалиев, Айтөре Серікболовтардың тәрбиеленушілері аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. - Біздің жас палуандарымыз жақсы нәтижелер көрсетулерінің арқасында өздерінің шеберліктерін дәлелдеп жүр, - дейді Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бұрхан Оралбеков.

Әйгерім ҚҰБАЕВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521