Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Аққыстау ауылында тұрғындарға 1 келі қант – 390 теңгеден сатылып жатыр.
Осынау игілікті іс аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынды. Сала мамандарынан білгеніміздей, кеше аудан орталығына жалпы салмағы 2 тоннаны құрайтын 50 келілік қанттың 40 қабы жеткізіліп, сатылымға шыққан.
- Бүгін тұрғындар қант алуға үздіксіз келіп жатыр. Әр сатып алушы қантты тек бес келіге дейін ала алады. Бұл мүмкіндігінше өзге де тұрғындарды қантпен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шешім. Қазір дүкен сөрелерінде қанттың бағасы шарықтап тұр. Сондықтан тұрғындарға кішкене болсада көмек болады деген оймен осындай бастаманы қолға алдық. Тұтынушылар дән риза. Тұщықұдық және Қамысқала ауылдық округтеріне де осындай көлемде қант алдырып, ауыл тұрғындарына арзан бағада ұсыну жоспарымызда бар, - дейді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ризабек Жақсыбаев.
Расымен, тұрғындар қант алуға ұзынсонар кезекте тұр. Арзан бағада бес келі қант алғандардың бірі аққыстаулық зейнеткер Гүлайым Әбдіренова. Зейнеткер қасиетті Рамазан айында жүзеге асырылып жатқан бұл игі іс алдағы уақытта да өз жалғасын таба берсе деген ойымен бөлісті.
- Алдымен халықтың қамын ойлап, осындай істі қолға алған мамандарға айтар аналық алғысым шексіз. Дүкендегі бағамен салыстырғанда, әлдеқалай арзан бағада алып жатырмыз. Қасиетті Рамазан айында осылай тұрғындарға қуаныш сыйлауда, - дейді қанттың бағасына көңілі толған зейнеткер.
Жолай орталық көшеде орналасқан «Гаухар», «Тұрарбек», «Тұлпар» дүкендеріне соғып, қант бағасын сұрап көрдік. Расымен, дүкен сөрелерінде баға шарықтап тұр. Мәселен, «Тұрарбек» дүкенінде қанттың келісі 540 теңге болса, «Гаухар» дүкенінде 580 теңгеден, ал, «Тұлпар» дүкенінде қанттың келісі 600 теңгеден сатылуда.
Айта кетейік, арзан бағадағы қант өнімі Аққыстау ауылы, Ынтымақ көшесі, 25-ші үйде («Арай» мейрамханасына қарсы) орналасқан кәсіпкерлік нысанда сатылуда.
Әділбек СЫРЫМОВ