Ауданда «Жасыл ел» жасағы 12 маусым айында бастау алып, үш ауысым бойынша 16-35жас аралығындағы жастарды еңбекке араластырған ұйымда 100-ге жуық жұмыс жасауда.Оның бірінші кезеңі өз жұмысын аяқтап, қазір екінші ауысым бойынша 13-і Аққыстау, 4-еуі Қамысқала, 4-еуі Тұщықұдық, ал Жанбай, Зинеден, Нарын ауылдық округтерінде 3 сарбаздан жұмыс жасайды.
Жұмысшылар бір айда 85 000 теңге, қосымша аударымдарымен қолға 67320 теңге жалақы алады. Жетекшісі – Жастар ресурстық орталығының маманы Арсен Смайлов.
Жауапты маманның айтуынша, биыл аудан бойынша Гугл платформасы арқылы арнайы сілтемемен 11-30 мамыр аралығында жасаққа тіркелу жүргізілді. Оған 400-ден астам аудан жастары ниет білдірді. Соның 100-ге жуығы ғана «жасыл ел» жасағында еңбек етуде.Біз сол деректерді нақтылай келе жаздың үш айына жұмыс күшін бөлдік. Мұндағы бір сарбаз тек бір ай ғана еңбек етеді. Сарбаздар бір ай бойы алаңдарды сондай-ақ, қуғын- сүргін құрбандарын еске алатын тақтайша ескерткіштердің айналасын арамшөптерден тазартып, көгалдандыру мақсатында талдарды суарып, баптайды. Сонымен қатар, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында жалғызбасты қарияларымыздың үйлеріне барып, шарбағын тазалау, үй-жайын тазалау секілді көмек түрін көрсетеміз,- дейді Арсен Смайлов.
Бұл жобаға көбіне студенттер мен жоғары сынып оқушылары қатысатыны рас. Өйткені, оқушыларды үй шаруасына жегіп қоймай, сондықтан осындай бағдарламаларға жиі тартылып, қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытқаны да дұрыс-ақ.
– Биыл балам осы жобамен жұмыс жасаған болатын. Оқушы болса да қарсы болмадық, қиындығы болмағанымен, қоғамға қызмет жасау үлкен жауапкершілікті жүктейтінін сезінді. Бұл әрине дұрыс, өйткені келешек осы жастардың қолында, сондықтан осы бастан оларды еңбекке, тазалыққа, адалдыққа үйреткен абзал, – деді Айман Мырзашева есімді ауыл тұрғыны.
Сонымен қатар, сарбаздар мәдени шаралар мен түрлі тренинг-сайыстарда белсенділік танытып, қатысып келеді.Айта кетейік, «Жасыл ел» еңбек маусымы тамыздың 31-не дейін жалғасатын болады.
Қорыта айтқанда, «Жасыл ел» сарбаздары ауданды көгалдандырып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға еңбек ететін болады.
Сағыныш ҚАЙЫР