11 «Ә» сыныбы түгелдей грант иегері атанды

 

Биылғы оқу жылы Исатай орта мектебінің тарихында ерекше беттермен жазылды. Жаратылыстану-математикалық бағытта білім алған 11 «Ә» сыныбының сегіз түлегі де мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, арманға бастаған жолын үлкен жеңіспен аяқтады.

Сыныптағы оқушылардың әрқайсысы өз бағытын ерте анықтап, таңдау пәндері арқылы болашақ мамандығын нық қадаммен таңдады. Атап айтқанда, химия– биология 4 оқушы, биология-география– 1 оқушы, физика-математика – 3 оқушы. Олар тек біліммен ғана емес, талантымен де дараланды. Бірі республикалық білім бәйгесінен озып шықса, енді бірі облыстық додада топ жарғанын сынып жетекшісі Дана Атабекқызы бізбен тілдесу барысында баяндады.

–Бұл жетістік – ең алдымен шәкірттердің табандылығы мен жүйелі еңбегінің жемісі. Сондай-ақ білімге жетелеген ұстаздардың ыждаһатты еңбегі мен ата-аналардың үздіксіз қолдауы да айрықша рөл атқарды.Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 6 тамыздағы №411 бұйрығы негізінде, Исатайдың үздік түлектері мынадай жоғары оқу орындарына жолдама алды. Ернар Серікұлы, Жұлдыз Шәкір – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, химия пәні мұғалімдерін даярлау мамандығы (Алматы қаласы); Алмазбек Ғинаят – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, биология және сабақтас ғылымдар мамандығы (Алматы қаласы); Нұрпейіс Тоқтар – Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс мамандығы (Алматы қаласы); Нұрсая Нүркенқызы  – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, математика және статистика мамандығы (Ақтөбе қаласы);  Мұханбет Бекжан – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, физика мамандығы (Атырау қаласы); Еркенұр Құрманбай  – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, қоршаған орта мамандығы (Атырау қаласы); Асылзада Сатыбалдиева  – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, биология пәні мұғалімдерін даярлау мамандығы (Атырау қаласы).Бұл – бір ғана сыныптың толық құрамда грант иегері атануы жағынан аудандық білім тарихындағы айрықша оқиға,- деді ол өз сөзінде.

Түлектер үшін бұл күн – он бір жылдық білім жолының қорытындысы ғана емес, жаңа өмірдің бастау нүктесі. Ал ұстаздары үшін – еңбектің еленген сәті.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT