Қазақстанда ауыл әкімдерін тікелей халықтың дауыс беруі арқылы сайлау 2021 жылдан бастап енгізілді. Бұл – Мемлекет басшысының саяси реформалар аясында жүзеге асырып жатқан маңызды бастамаларының бірі. Ауыл әкімдерін сайлау еліміздегі жергілікті басқару жүйесін жетілдіруге, тұрғындардың өз ауылындағы басшылықты таңдауға тікелей қатысуына мүмкіндік берді.
Осындай тәртіппен бүгін Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылдық округінде ауыл әкімін тікелей сайлау өтіп жатыр. Саяси науқанға округ бойынша үш үміткер тіркелген. Округте жалпы халық саны – 9855 адам болса, оның ішінде 6020-сы сайлаушы ретінде тіркелген. Бүгінде ауылда 6 сайлау учаскесі ашық жұмыс істеп тұр.
Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Рамазанұлы Губашевтың айтуынша, дауыс беру науқаны таңертеңнен басталып, 10:00-ге дейін 1400-ден астам азамат өз таңдауын жасап үлгерген.
– Халық белсенділік танытуда. Әсіресе қарапайым еңбек адамдары, зейнеткерлер мен қоғам белсенділері және отбасымен сайлау учаскелеріне ерте келіп, азаматтық борышын орындап жатыр. Бұл – ауыл тұрғындарының өз болашағына бейжай қарамайтынын, қоғамдағы өзгерістерге белсене араласатынын көрсетеді,-деді Қабыл Рамазанұлы.
Сонымен қатар сайлаушылардың қатарында мүгедектігі бар азаматтар да бар. Ауылдық округте барлығы 92 мүгедектігі бар адам тіркелсе, оның ішінде ерекше шарттарды талап ететін 66 скйлаушы үйден дауыс беру мүмкіндігіне ие болған.
Сайлау ҚР заңнамасына сәйкес, әкім өкілеттігі аяқталғанға дейін кемінде 40 күн бұрын тағайындалып, барлық заң талаптарына сай ұйымдастырылады. Кандидаттар саяси партиялар тарапынан ұсынылады немесе өзін-өзі ұсына алады. Екіден кем кандидат ұсынылған жағдайда, аудан әкімі қосымша үміткер енгізуге құқылы. Кандидаттар заңда белгіленген жарнаны төлеп, аудандық сайлау комиссиясы арқылы тіркеуден өтеді. Үгіт-насихат кезеңі тіркеуден кейін басталып, 12.07 күні 00:00-де аяқталады. Дауыс беру күні таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.
Жайна МӘЛІМҚОЖА