16 көшеге - 9,5 шақырым. Жанбайда ішкі жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр (+ВИДЕО)

Жанбай ауылында ауылішілік жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алған бұл игілікті істің міндетін «Атырау жолдары» ЖШС өз мойнына алыпты.

 "Исатай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен Жанбай ауылының16 көшесіне 9,5 шақырым жол салу жоспарланып, құрылыс жұмысы басталып кетті.

- Былтыр да ауылымыздағы мәдениет үйіне, емханамызға, полиция бөлімшесіне кірмежолдар салынған болатын. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып жатыр. Ауылымыздың көркеюімен қатар көптеген тұрғындар жұмыспен қамтылуда. Қазіргі уақытта аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы ауылымыздан 39 ер адам жұмыссыздардың тіркеуінде тұрса, бүгінде сол азаматтардың түгелге жуығы осында жол құрылысына қызметке алынбақ. Құжаттарын дайындап, жақын арада жұмыстарын бастайды, - дейді ауыл әкімі Дидар Есмұханов. 

- Құрылыс басталғалы ай жарым уақыттың ішінде 5 көшенің бастапқы жұмыстарын бастадық. Барлығы ұзынды-қысқалы 16 көшеге жол саламыз, - дейді серіктестіктің учаске бастығы Марат Анарбекұлы. Маманның айтуынша, ең бірінші жолдың табанына геотектсиль деген жердің сызын үстіне өткізбейтін қасиетке ие төсеніш төселеді екен. Бұл - асфальттың сапасын сақтауға көмектесетін құрал. Оның үстіне 15 см құрылыс құмы одан кейін 18 см щебень төгіледі. Щебеннен соң 6 см биіктікте ірі қиыршық тасты асфальтты бетон құйылып, одан соң 4 см ұсақ қиыршық тасты асфальтты бетон төселеді. Осылайша, қатқыл табанды жол жерден 43 см биіктікті құрайды екен.

«Атырау жолдары» ЖШС учаске бастығының айтуынша, бастапқы жұмыстары жасалған 5 шақырым жол щебень төсеуге дайын. - Қазір Сейфуллин көшесінің жолын дайындап жатырмыз. Бұл - ауылдың ең ұзын көшесі. Ұзындығы 1,4 шақырымды құрайды. Оған қарсы «Егемен Қазақстан» көшесі 1,2 шақырымды алып жатыр. Бұйырса, ол көшеге енді кірісеміз, - дейді Марат Анарбекұлы.

- Аудан әкімі Марат Мурзиевтің осынау қиын-қыстау кезеңге қарамай, қаржы бөлдіріп, бір жағынан халықтың жұмыспен қамтылуына жағдай жасап, кішкентай ауылдарға қатқыл табанды жолдардың төселіп жатқандығы – көңіл қуантарлық жағдай. Тек Жанбай ауылы ғана емес, осы Исатай ауданы бойынша жол құрылысы жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, Тұщықұдық ауылының жолын салғалы жатырмыз, бұл жұмыс Аққыстау ауылында да басталды, - дейді серіктестіктің учаске бастығы. Жұмыс жылдың аяғына дейін жалғасады. 2015 жылы 8,5 шақырым жол салынса, енді, биыл 9,5 шақырымдық жол құрылысы жалғасын тауып отыр. Бұл - Алла қаласа, биыл Жанбай ауылы толықтай қатқыл табанды жолмен қамтылады деген сөз.

- Бұған қоса ауылымызда биыл жаңадан берілетін жерлерге газ, су желілері және де спорт кешені құрылыстарын жүргізуге тендер жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар да биыл аяқталады деп күтілуде, - деді ауыл әкімі Дидар Есмұханов.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521