Шаруа баққан ауыл қазағының бір тілеуі – күнкөріс көзі саналатын төрт түлігінің амандығы болып келген. Қазір де солай. Алайда мал арасында болатын кейбір жұқпалы аурулар, басқа да дерттер оларды алаңдататын сәттер аз емес. Биыл да төрт түліктің бірі – түйе малы арасында белгісіз улану жағдайларының тіркелуі, кейбіреулерінен бірді-екілеген түйе малының тіркелуі орын алып отырған жайы бар. Осыған орай «Исатай аудандық ветеринариялық стансасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жуырда ғана тағайындалған басшысы Асланбек Мырзабекұлы Шариповқа сауалдар жолдаған едік.
-Шындығы керек, соңғы жылдары мал арасында белгісіз жағдайда улану сияқты деректер кездесіп қалып жүргені жасырын емес. Биыл да аудан аумағында түйе малының улануы, сол уланудан өлу жағдайлары тіркеліп отыр. Бұған айтарыңыз бар ма?
-Жаз маусымы бас-талып, күннің ыстығы көтерілген сайын, ауыл шаруашылығы жануарлары арасында улану белгілерімен зардап шегу жағдайлары кездесуде. Облысымыздың түрлі аумақтарында осы белгімен ауырған жануарлар саны да күн санап өсіп жатыр. Ауданымызда ауыл шаруашылығы жануарларының улану белгілерімен ауруы өткен жылдан бастап тіркелді.
Атап айтсақ, өткен жылдың маусым-шілде айларында ауданның шаруа қожалықтары мен жекелеген шаруалары арасында, әсіресе құм өңірінде улану белгілерімен ауырған 258 бас түйе малы тіркеліп, оның 231 басы сауықтырылып, 27 басы шығын болған.
-Мал иелері білуі керек қой, жалпы жануарлардағы улану белгілері қандай болады?
-Жануарларда улану белгілері: ауырған мал азық қабылдаудан қалады. Сондай-ақ, күйіс қайырмайды, тынысы тарылып, терлейді, аяқтары дірілдеп, күшену, тік ішегінің сыртына айналуы орын алып, зәр шығаруы қиындайды. Дене қызуы бірқалыпты 36,0-38,0 градус аралығында болады. Уланған малды тез арада оқшаулап, ветеринариялық көмек көрсетілсе ғана оның сауығып кету пайызы жоғары.
Ол үшін ауырған малды аулада бөлек ұстау, салқын сумен шомылдыру, мал ауласының айналасына улы жәндіктерден қорғану мақсатында дезинсекциялық препараттар пайдалану арқылы улау жұмыстарын жүргізіп тұру қажеттігін баса айтқымыз келеді.
-Күні бүгінге дейін ауырған малдың нақты есебі бар ма? Мал дәрігерлері тарапынан қандай әрекеттер жасалуда?
- Жалпы көрсеткіш осы ауру басталғалы күн сайын өзгеріп отыр ғой. Ауданымызда маусым айының басынан бері алғанда күні бүгінге, яғни 1 шілдеге дейін нақты 209 бас түйе малы ауыруы тіркелді. Оның ішінде әзірге 10 бас түйе малы шығын болды. Мал ауруы негізінен Қамысқала, Тұщықұдық, Жанбай, Аққыстау ауылдық округтерінің аумағында болып отыр.
Мал дәрігерлерімен ауру малдарға симптоматикалық емдік шаралары жасалуда. Атап айтқанда, жүрек-қан тамыры айналысы мен иммунитетті көтеріп және қанды сұйылтатын дәрі-дәрмектер қолданылуда.
Ауырған малдың қан айналу жүйесін қалыпқа келтіруге, ағзадағы уыттылықты бәсеңдетіп, несеп шығаруды жақсартуға және ауырсынуды жою үшін төмендегідей дәрілер қолданылуда: Рингер Локка ертіндісі немесе Натрий Хлорид 0,9% физиологиялық ертіндісі 1л-3л дейін, Уротропин 20 мл, Антитокс көктамыр ішіне 30-40 мл (гепато токсич), Новокаин 2,0%, Глюконат кальций 10% 100 мл, Гидросульфат магния 10% 30 мл.
-Бұл қандай ауру, неден болды? Оны зерттеу, сараптама жасату сияқты қарекеттер бар ма?
-Аурудан өлген жануарлардан аса қауіпті ауруларды анықтау мақсатында сынамалар алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға жолданды. Зерттеу нәтижесі күтілуде, сараптама қорытындысы қосымша хабарланатын болады.
Осы жерде айта кететін жайт, уланудың алдын алу, емдеу шаралары мен өлген малға өтемақы төлеу бюджет қаржысы есебінен қарастырылмаған. Десек те, жергілікті мал дәрігерлері жануарларға ветеринариялық көмек көрсетуді жалғастыруда.
Мал иелерінен улы жәндіктер кездесетін жайылымдық жерлерге малын жібермеуін, иелігіндегі малдан ауру белгілері байқалған жағдайда жергілікті ветеринар мамандарға дереу хабарлауды сұраймыз. Сондай-ақ, ауру малды күту ережелерін қатаң сақтап, улы жәндіктердің белсенді кезеңінде малды аулада ұстау, емдік шаралар жүргізілген малдардың қозғалысын толық жазылғанынша шектеу керектігін ескерте кетуді артық көрмеймін. Сондықтан өрістегі малымызды күнделікті түгендеп, үнемі бақылауда ұстағанымыз жөн.
-Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен: Жоламан ДӘУЛЕТИЯР