Тамыры тереңге бойлап, әлемді бағындырған чемпиондарды тәрбиелеп, бүгінде спорт ұстанаханасына айналған Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің орны айрықша. Бұл ұжымға ұзақ жылдар бойы білікті басшы, ардақты ұстаз Бұрхан Оралбеков жетекшілік етіп келді.
Осы уақыт ішінде мектептің шәкірттері тек ауданның ғана емес, елдің абыройын асқақтатып, спортты әлемдік деңгейге көтеріп жүр. Бүгінде аталмыш мектепте спорттың 11 түрінен 1000 астам жас спортшы тәрбиеленуде. Жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Әр додадан олжалы оралып жүрген спортшыларымыздың жеңістері – соның айғағы.
Әрине, мұндай табыс бір күнде келген жоқ. Бұл – тынымсыз еңбек пен маңдай тердің, талмай жаттығудың жемісі. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, жүздеген ел чемпиондарын, ондаған Азия және әлем жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шығаруға жағдай жасаған спорт мектебі мен оның басшылығының еңбегі орасан.
Күні кеше ғана жерлесіміз Бұрхан Оралбековтің ҚР Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталуы – осы еңбектің нақты бағасы.
Өзі де өнегелі спортшы, самбо мен қазақ күресінен Қазақстан чемпионы, самбодан Әлем чемпионатының жүлдегері атанған ағайдың тұлғасы жас буынға үлкен үлгі.
Осылайша, Исатай спорт мектебінде 23 жыл бойы табан аудармай басшылық еткен жерлесіміз енді Жылыой ауданы № 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры боп ауысуда.
Талай шәкірттің бағын жаққан, жас ұрпақтың жүрегіне спортқа деген сүйіспеншілікті ұялата білген арда ұстазға жаңа қызметінде де сәттілік тілейміз!
Сағыныш ҚАЙЫР