24 азамат өз идеяларын дамытуға қаржылай көмек алды

Еліміздің экономикалық дамуының маңызды тірегі – кәсіпкерлік саласы. Мемлекеттің бай-қуатты болуы дегеніміз – сол елдің әрбір азаматының табысты, жағдайының жақсы болуы. Ал кәсіпкерлік – әл-ауқатты жақсартудың, қоғамдағы белсенділікті арттырудың ең тиімді жолдарының бірі. Осыған байланысты мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөліп, азаматтардың жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруына қолдау көрсетуде. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жыл сайын жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттар беріліп келеді. Бұл – көптеген азаматтардың өз ісін ашып, жеке кәсіпкер ретінде қоғамға үлес қосуына мүмкіндік.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ana tili» газетіне берген сұхбатында кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне ерекше тоқталды. Президент былай деді:

«Мемлекет субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп отыр. Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады». Осы сөздердің өзінен-ақ еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына үлкен назар аударылып отырғанын көруге болады. Шағын және орта бизнес  тек экономиканы жандандырып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі.

Мемлекеттік қолдау мен азаматтардың белсенділігі арқасында көптеген қазақстандық кәсіпкерлер табысқа жетіп, елдің өркендеуіне үлес қосып келеді. Демек, кәсіпкерлік  тек жеке тұлғаның емес, тұтас мемлекеттің болашағына жасалған инвестиция.

Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласында айтарлықтай өсім байқалған. Өткен жылы 1788 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, бұл көрсеткіш тиісті кезеңмен салыстырғанда 96%-ды құрап отыр. Олардың ішінде:

  • 123 заңды тұлға,
  • 1282 дара кәсіпкер,
  • 383 шаруа қожалығы бар.

Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 1676. Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде аудан кәсіпкерлеріне 56 жоба бойынша қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер берілді. Сонымен қатар «Теңізшевройл» компаниясының қаржыландыруымен жүзеге асқан «Жарқыра» бағдарламасы арқылы 1 жобаға грант бөлініп, өз жұмысын бастады. «Іскер» бағдарламасы аясында 8 жоба мал сатып алуға қаржыландырылса, 7 жоба да мал шаруашылығы бағыты бойынша қолдау тапты. «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 11 жобаға агротехникалық құрал-жабдықтар, тауарлық және асыл тұқымды мал алу үшін қаражат бөлінді.

Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 6 жоба ет өнімдерін көбейту, тауар айналымын ұлғайту, септик дайындау қызметі және жолаушылар тасымалына арналған көліктер сатып алу үшін жүзеге асырылды. Бұл нәтижелер аудан кәсіпкерлерінің белсенділігін және мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын көрсетеді. Бағдарламалардың әртүрлілігі ауыл шаруашылығы мен шағын бизнеске жаңа мүмкіндіктер беріп, олардың тұрақты дамуына жағдай жасап отыр. Ауданның экономикалық әлеуеті өсіп, кәсіпкерлік саласында жаңа жетістіктерге жету мүмкіндігі артып келеді.

Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған осындай жобалар арқылы ауданымыздың экономикасы қарқынды дамуда, ал кәсіпкерлер өз істерін сенімді түрде өрге домалатуда.

 

Мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктері

 

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы көптеген азаматтарға жаңа мүмкіндіктер сыйлап, бизнес-идеяларын жүзеге асыруға жол ашты. Бағдарлама аясында ауданымыздан 2020 жылы 41 адам, ал 2021 жылы 55 адам комиссияның оң қорытындысын алып, мемлекеттік грант иегері атанды. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба да өз жалғасын тауып, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға зор қолдау көрсетті. Мәселен, 2022 жылы 36 азамат грантқа ие болса, 2023 жылы – 20 адам, ал өткен 2024 жылы 24 азамат өз идеяларын дамытуға қаржылай көмек алды. Осы жылдар ішінде жалпы 177 адам грант иегері атанып, өз істерін бастауға мүмкіндік алған. Алайда кез келген бастаманың ұзақ мерзімді табысқа жетуі оңай емес. Бұл азаматтардың ішінде қазіргі таңда тек 60%-ы өз жұмыстарын жалғастырып отыр. Мұндай статистиканың артында кәсіп ашудың жауапкершілігі мен қиындықтары жатқанын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Жұмалиева телефон арқылы сұхбат барысында атап өтті.

–       Өткен жылы ауданымызда өз ісін ашу үшін 24 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда сәл жоғары көрсеткіш. Мемлекет тарапынан ұсынылатын грантқа үміткерлердің қатары жыл сайын артып келеді. Алайда, олардың барлығы бірдей талапқа сай келе бермейді. Көбінің бизнес-жоспарлары дұрыс жасалмайды немесе құжаттары толық болмай шығады. Сондықтан, грант алғысы келетіндер құжаттарын реттеп, жобаларын кәсіби деңгейде дайындауға ерекше мән беруі керек. Біздің міндетіміз – осындай азаматтарға бағыт-бағдар беріп, кәсіпкерлікке тарту. Аудандық кәсіпкерлік картасын жаңартып, оны тиімді пайдалануға тиіспіз. Мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді уақтылы пайдаланып қалған жөн. Қазіргі таңда грант иегерлері қатарында көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар бар. Олар осы қолдаудың арқасында өз кәсіптерін ашып, тұрмыстарын түзетіп қана қоймай, басқа азаматтарға жұмыс ұсынып отыр. Мысалы, 2023 жылы 20 адам грант иегері атанды. Олардың ішінде көп балалы отбасылардан шыққан 12 азамат, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі 4 адам және ерекше баланы тәрбиелеп отырған 4 ана бар. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 25 адамға жетті. Оның ішінде асыраушысынан айырылған екі азамат, 13 көп балалы отбасы мүшесі, мүмкіндігі шектеулі үш азамат және ерекше баланы күтуші алты ана бар. Бұл азаматтар өз істерін ашып, табыс тауып қана қоймай, аудан экономикасына үлес қосуда. Көпшілігі жұмыссыз жүргендерді еңбекке тартып, жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр. Мұндай қолдау олардың жеке өміріне ғана емес, жалпы қоғамға үлкен өзгеріс алып келеді,-дейді бөлім басшысы.

Дегенмен ауыл тұрғындары  үшін  ұсынылған жоба аясында олқылықтар көп.  Бұл бағытта кәсіпкерлердің бірлесе ұйымдасқаны  маңызды. Осы орайда аудандық Мансап орталығы арқылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберіндегі жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру мақсатында конкурсқа 47 адамның өтініші келіп түскенін орталық басшысы Бақытгүл Сапарғожиева мәлімдеді.

–       Бекітілген жоспар бойынша өтініш берушілер аудандық комиссияның қорытындысынан іркілмей өткендер ғана Атырау облысы «Enbek» мобильді орталығынан  қаражат иеленеді.Бірінші лек бойынша 18 адам өтініш білдірсе, оның ішінде 12 адам ғана 1 476 800 теңге көлемінде қаражат берді.Ал екінші лек бойынша 29 адамнан өтінім түсіп, комиссия шешімімен жартысы   жоғарыда аталған қаржыны алып, бүгінгі күні жұмыстарын жасауда. Жобаның басым бөлігі - халыққа қызмет көрсету бағытында. Атап айтсақ, мысалы,дәнекерлеу, тігін шеберханасын ашу, кондитерлік өнім шығару деген сияқтылар көбейіп келеді,- дейді ол бізбен болған әңгімесінде.

 

Қайтарымсыз грант арқылы  Әсемгүл Шакуқызының арманы жүзеге асты

 

Аққыстау ауылының тұрғыны, 32 жастағы Әсемгүл Шакуқызы үшін көп жылдық арманын іске асыру мүмкіндігі туды. Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, қазіргі таңда үй шаруасындағы ана ретінде уақытын отбасына арнап келеді. Әсіресе, тағам әзірлеуді ұнатады. Ерекше баланың күтімінде отырған Әсемгүл «арманымды жүзеге асырамын» деген мақсатпен қайтарымсыз грантқа қатысып, мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалануға бел буады. Оның жартылай дайын өнімдер әзірлеуге бағытталған бизнес-жобасы комиссия тарапынан қолдау тауып, қайтарымсыз грант иегері атанады. Алынған қаражатты заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсаған: тоңазытқыш, мұздатқыш, ет тартқыш, пышақтар мен үстелдер алып, жұмысын бастайды. Қазіргі уақытта Әсемгүл бір адамды көмекші ретінде жұмысқа тартып, өзін ғана емес, басқаны да еңбекпен қамтып отыр.

–       Қай жаста болмасын, адам еңбек етіп, ізденіс үстінде жүруі керек. Себебі, заман күннен-күнге дамып жатыр. Сондықтан, заман ағымынан қалмай, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану маңызды. Ерекше баламның күтімін жасап отырған кезімде мемлекет тарапынан қолдау алып, шілде айында өз кәсібімді бастадым. Қазір кәсібімнің жемісін көріп, адал еңбегіммен табыс тауып отырмын. «Алма піс, аузыма түс» деп қарап отырсақ, ештеңе болмайды. Әрекет етіп, жарқын болашағымыз үшін қазірден бастап жағдай жасауымыз керек. Алдағы уақытта арнайы орын ашып, кәсібімді кеңейту жоспарда бар,-дейді жеке кәсіпкер Әсемгүл Шакуқызы.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асқан Әсемгүлдің бұл бастамасы – еңбекқорлық пен ізденістің айқын дәлелі. Оның табысы өзгелерге де үлгі болары сөзсіз. Оның өз қолымен дайындаған тұшпара, манты, самса, басқа да дайын өнімдері қарапайым халыққа қолжетімді бағада ұсынылып отыр. Алайда,  осы мемлекеттік грант арқылы бірі  шаруасын өрге дөңгелентіп, шырайын келтірсе, күні кеше ашылып, алысқа шаппай-ақ, орта белден кәсібін тоқтатып жатқандары да жетерлік. Тіпті, қаржысын негізсіз жұмсап жатқаны да бар. Сондықтан кәсіпті бастау тек қаражатты ғана емес, қажырлы еңбекпен сабырлылықты талап ететіні сөзсіз. «Еңбек – бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек» деп Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің берекесі – тек қана адал еңбекте!

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT