25 сәуір – Қазақстан футболы күні

2002 жылдың осы күні Швецияның Стокгольм қаласында Қазақстан футбол одағы УЕФА құрамына қабылданып, бұл күн ел футболы үшін тарихи белеске айналды. Содан бері 25 сәуір — Қазақстан футболы күні ретінде аталып келеді.

Футбол — көптің жүрегінен орын алған ерекше спорт. Исатай ауданында да бұл ойынға деген қызығушылық күн өткен сайын артып келеді. Әсіресе, жасөспірімдер арасында доп қуалап, алаңның шаңын шығаратын талапты балалар көбейіп келеді.

Бүгінде аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты Аққыстау, Қамысқала, Тұщықұдық ауылдарында 100-ден астам жас футболшы жаттығуда.


Жанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің футбол бөлімінде – 46 шәкірт бар.
Ал «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының футбол бөлімінде – 80-ге жуық бала футболдың қыр-сырын меңгеріп жүр.

Олардың әрқайсысының спорттағы жолына бағыт беріп жүрген — өз ісінің шебері төрт бірдей жаттықтырушы. Бүгінгі күн — сол бапкерлерге және аудан футболының дамуына үлес қосып жүрген барлық жанашырларға деген алғыс пен құрметтің күні.

– 2024 жылы ауданымызда футболдың дамуы қарқынды жүріп жатыр. Осы жылы бірнеше маңызды жарыстар ұйымдастырылып, жергілікті спортшылардың белсенділігі байқалды. Аудандық футбол турнирлерінің бірі – “Исатай футбол Кубогі 2024” болды. Бұл жарыс ауданның ең талантты футболшыларын жинап, ауданның футбол мәдениетін тағы бір қадам алға жылжытты. Сонымен қатар, 1981 жылы туылған азаматтар арасында өткен “Құрдастар Кубогі” футболдан турнирі, бір жағынан, спортшылардың жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырылып, қарым-қатынас пен достықты нығайтуға арналған маңызды іс-шара болды. Бұл турнир арқылы аудан тұрғындары спортты ұнататын азаматтармен танысып, өзара тәжірибе алмасты Ал, “Спорт нашақорлыққа қарсы” ұранымен 35 жастан жоғары азаматтар арасында өткен шағын футбол жарысы қатысушылардың тек дене күшін ғана емес, қоғамдық денсаулықты жақсартуға бағытталған маңыздылығын көрсетті. Мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері арасында өткен аудандық спартакиада 23 маусымда болды. Бұл шара өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің физикалық жағдайын тексеріп, олардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етті. Ауданымызда футболдың даму деңгейі жоғары.  Алдағы уақытта футболдан көптеген ауқымды шаралар мен жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Біздің мақсатымыз – ауданымыздың футболын дамыту, жасөспірімдер мен ересектер арасында дене шынықтыруды насихаттау. Алдағы уақытта да осы бағытта көп жұмыстар атқарылады,-дейді  аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Марат Жұмабеков.

Ж.ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT